Сумаңдап алға шыға беру туралы. ~ Бір күні хан барлық нөкерімен, он екі биімен ат үстінде келе жатса, қасындағы тілі ащы және Исатайға өш бір биі: «Тақсыр, жез қарғылы қызыл тазы сияқты, осы Исатай алдымызға түсе беретіні несі? Тым болмаса хан алдына шығып көлбеңдей беруін қоймай ма?» — депті. Исатайдың алдына шыға беруі ханға да ұнамайтын «қылық» болса керек. Жәңгір: — «Әй, Исатай, бері кел! Жез қарғылы тазы сияқты осы сен неге алға шыға бересің?» — депті-міс. Сонда Исатай: — «Сөзіңізге құлдық, алдияр, тауып айттыңыз, тап сондай. Бірақ қысылмаңыз, алдыңызда жез қарғылы тазыдай мен келе жатсам, соңыңызда жалбаң-жұлбаң шауып, о жағыңызға бір, бұ жағыңызға бір шығып, арсалаңдап, жалбарынып он бір төбетіңіз келе жатса, сізді қай құдай алар деп қорқасыз?» — деген екен. Х.Ес.
