а) Желдің ызғарына қарсы жақ. * Дүрілдеп сұп-суық жел соққан шақта, Қар борап, үй айнала тыққан шақта, Шыдамай жан-жануар жел өтіне, Бүкшиіп теріс қарап ыққан шақта. М.Жұм. ~ Колхозды ауылың болса ит байласа тұра алмайтын, солтүстіктің ұзақ қысында үйлердің төбесінен қар жүріп кетер, ықтасыны жоқ, жел өтіндегі жон қырқаларда жатыр. С.Шай. ~ Жирен мұртты кісі онсыз да аптап пен аязға тотыққан күнқақты жүзін дауылға тосып, атына қамшы басқан күйі жел өтіне тартып барады. Ф.Оңғ.
ә). Қауіп-қатері, ызбары мол тұс. ~ Тұратын ер азайып жел өтіне, Бөлінді үріккен қойдай ел екіге. Айналды шенқұмарлар зыр жүгіріп, Патшаның қарғы таққан төбетіне. Н.Айт. * Әйелді жел өтіне шығарыпты, Еліңнен еркек кіндік таппағасын. О.Сәрс. ~ Азаптың шоғы күйдіріп алақандарын, Ажырасқан ана аялар балапандарын. Махаббаты ғана жебейді желдің өтінде, Келмеске аттандырады ала таңдарын. С.Шәт. ~ Сен үшін жан пида! Сен мені шалсынба! Не қажетіңе де саймын! Желдің өтіне ме, жоқ жаудың өтіне қоясың ба, менде тайсақтау жоқ! Тек мені ың-дыңсыз өз қосыныңа ал! – деп жыламсырағанға ұқсады. Ұ.Дос. ~ Тұрып ең жау өтінде, жел өтінде, Әйтеуір бір ажал деп өлетінге. Зар болдық көлеңкеңе, ер Қабеке, Ел үшін кесіп берген қоң етін де. Н.Айт. * Бейне, аспанмен таласқан алапат биіктің басына шығып алып, дүлей желдің өтінде қалтырап жаурап ұшып кете жаздап тұрған кісідей сезінді өзін. О, тоба десеңші! Д.Дос. * Бұл жылдар, әсіресе замана желінің өтінде қалған жаны жұқа өнер адамдарына өрескел батты. Ә.Асқ.
