Posted in

ЖЫЛАП КӨРІСТІ

а) Зарыға күткен көңілмен, шынайы сағынышпен, көзіне жас ала көрісті. ~ Баяғыда Наташаның тұсында Рысқұловтың үй қызметінде болған татар кемпір Мұхсина Тұрармен туған баласындай жылап көрісті: — И-и-и, батырем Тұрар, қыр қазлары кебек иыллар үткәш килгәнсең инде. Ходаем хайырлы қадам итсен, — деп сыңсыды. Ш.Мұрт. ~ Түс кезінде күткен кісілер сау етіп жетіп келді. Шешем «жеңешем-ай» деп жылап көріскен Гүлдерхан апа жасы жетпістің бел ортасындағы ақ-сары адам екен. Қ.Тіл.

ә) Шын жамандықтың бағасын одан өткен жамандықпен кездескенде бірақ білерсің д.м. ~ … Боранқұл кешкі тамақ кезінде бидай ұнынан істеліп, қатығына турамыштап ет қосқан, қызыл-қылаңы аралас кеспе көжеге жылап көрісті. Ғ.Біл. ~ Алыстың ақ қасқыры ма – ау, қытайдың қызыл қасқыры ма – ау, бұлардың озбырлығын көргенде өзіміздің қасқырлармен жылап көріседі екенсің. Қ.Ысқ. ~ Олардың істегені атып-шабу, жаншу, талан-тараж болды. Ел бұрынғы Мекалай заманына жылап көріскендей болды. І.Жан. ~ Бұған қарағанда Шыңғысханға жылап көрісерсің. Әттен! Әттең! Сенің кім екеніңді тым кеш түсіндім–ау! Уә, адамзат, кешір мені, кешір мені, сенің қаныңды судай ағызатын дүниеге жаңа қанішер келді…» І.Ес.