Posted in

ИНЕНІҢ (ИНЕ) ЖАСУЫНДАЙ

Титтей, кіп-кішкентай, болымсыз. ~ Инені қолданардан бұрын отқа қыздырып жасытады. Сонда иненің сыртында жұқа қабыршақ пайда болады. Оның аты «жасу». Кейде қол қабысы жоқ, бос жүретін адамға «иненің жасуындай пайдаңды көрмедім» деуі содан. С.Мұқ. ~ Бірақ сол арада, ілезде, өзінің сілейіп бос тұрып қалғанын байқап, тағы қарманады. Асыға еңкейеді. Сипалайды. Баяғы құрғыр екі тақтай. Бұның ұзын бойын талай рет тегіс сипап, ине жасуындай жер қалдырмай қарап өткен… Далбасалық па, тағы сипай түсіп қайта түңіледі. М.Әу. . ~ Он ойланып, жүз толғанып дегендей өнерімнің бәрін салып хат жаздым Ғалияға. Оны әдемілеп бүктеп, әдемі конвертке салып жөнелттім. Марка жапсыруымда, хаттың аузын желімдеуімде иненің жасуындай мін болмаған шығар – ау. Б.Соқп. ~ Ол – ұстаз ғана емес, жазушы əрі ғалым жəне осы үш қырының үшеуін де айта қалғандай айқындап, айшықтап алған, үш мамандығының үшеуін де жете меңгерген, үшеуінде де иненің жасуындай осалдық танытпаған, үшеуінде де алып, күшті. З.Қаб. ~ Шаруаға дегенде иненің жасуынан өткен пысықтығы бар еді, Қ.Ысқ.