Posted in

КІРПІДЕЙ (КІРПІШЕ, КІРПІКШЕШЕНДЕЙ) ЖИЫРЫЛДЫ

Ұнатпады, жек көре тыжырынды. * Қазынаның мүлкін, ақтардан қалған қару-жарақ іздеп, қырындаған кісілерімнің үйін тінтіп, қорқытып, көр-жерлерін алып, пайда-пақыршылық істей бастадым. Ел мені «Шоқынып кетті» деп кірпідей жиырылды. Ж.Айм. * Үй иесі мұны естіп, кірпідей жиырылды, бірақ тіс жармады. О.Сәрс. ~ ─ Кедей – жалшы сөйлесе, жер астынан жік шықты дейсің-дер. Кірпідей жиырылып, өліп кете жаздайсыңдар. С.Ом. ~ Енемді көрсем, кірпідей жиырылып, түрпідей тиіскім келетін. Енді ол кісілерге баруға бет жоқ, – деп жылап, өзінің өгей енесінің шаңырағына жасаған қысымдарын жасырмай айтып берді. С.Досж. ~ Ал ханның заты тұрсын, атынан кірпідей жиырылып, қарадай шошитын кешегі кеңес өкіметі кезінде Ақ үй абақтыға да айналды. C.Ақт. ~ Ақбілек көнетөз жасыл шапанын көзіне түсіре бүркеніп, белі бәкіше бүктетіліп бас-аяғы кірпіше жиырылып, құнысып, жасы мөлдіреген қара көзін жыпылықтатып, қара мұртқа анда-санда көз құйрығын бір жіберіп, таңдана, үрейлене тыңдады. Ж.Айм. ~ Осыны естіген америка алпауыттары іштен тынып кірпіше жиырылады, аяқ астынан көгеріп-сазарады. Д.Дос. ~ Бұл ауылда отырғандардың бірсыпырасы-ақ өлмелі кедей, бәрі де «шықпа, жаным, шықпа» деп отырған секілді. Бұрынғыдай ауысып тамақ беру абысын-ажын арасынан кеміп кетті. Шағын тамақтың үстіне біреу келсе, кірпікшешендей жиырылатынды шығарды. Б.Май. ~ Күбісімен алып шығуға күбіні көтере алмай, шелекке құйып алайын деп, шелек іздеп жүргенде есік ашылды. Кірпікшешендей жиырылып жатып, жан-жаққа бақылау жіберді. БС. ҚЕ.