Posted in

КӨГЕНДЕГЕН (КӨГЕНДЕУЛІ) ҚОЗЫДАЙ (КӨБДІКТЕЙ, МАРҚАДАЙ, ҚОЙДАЙ)

Байлаулы, бас бостандығынан айырылған. * Сұм соғыс килікті де, бәрінді көгендеген қозыдай алысқа алып кетті. Сәлимам сені сарғайып көп күтті. Ә.Нұрш. * Қойнымнан қазынамды төгем деген, Қозыдай жатыр тауың көгендеген. Т.Айб. * Қолға түскен жау адамдарын көгендеген қозыдай бір арқанның бойына байлап жаяу жетекке алған Көбей бастаған жігіттер ауылға қарай шұбырды. Ә.Қаб. * Көкеш бар кезде, сабақты сылтау ғып, Зейнеп оны күндізгі кездерде көгендеген көбдіктей тырп еткізбей қоятын еді, сабақтан босай өзі бақылап, аяғын қия бастырмайтын еді. Енді сабақтан құтылғанда қалай ие болмақ?! С.Мұқ. * Көгендеген марқадай. Жас жоңышқа форымы, Пішендіктің орыны, Жасыл мәуіт – қамқадай. Кезіп аққан көк өзен, Есепсіз жүкті кемемен. І.Жанс. ~ Ешбір қаруы жоқ, мыңдаған қазаң жігіттері бірінен соң бірі көгендеген қойдай қатарға тізіліп, аяқтарын әрең басып, шұбыра жөнелді. М.Дәу. * Жүрегінің дітіне қарай көгендеулі қозыдай қатар тізілген көп орындықтардың біреуі есік жақ шетінен, екіншісі орта тұсынан, тағы біреуі бастық үстелінің сырт арқасына тірете қойылған жұмсақ креслоға таман жығыла кеп жайғасар еді. Ө.Ахм.