Posted in

КӨК ИНЕНІ КӨТІНЕ (ҚҰЙРЫҒЫНА) ТҮРТПЕЙДІ (ТҮРТЕ АЛМАЙДЫ)

Олақ, іске қыры жоқ әйел туралы. ~ Тек «Бозінгеннің» қара бойыңда титтей ғана міні бар еді: өз басының киім-кешегі болмаса, өзге шаруаға әнтек қыры жоқ еді: таза көрпелері салтақ-салтақ боп, төсек-орны жуырда жиналмай, қоқып, ыбырсып жатар еді. Қызыл қатын түскір «Бозінгенді» «Көк инені көтіне түртпейді» деп өсектеуші еді. Ж.Айм. ~ Іске олақ кісіні «көк инені көтіне түрте білмейді» деп сөгеді. С.Мұқ. ~ Тек әйелдің қолы қолапайсыздау. Көк инені көтінен түртіп көрмеген еркекшора, орашолақ, шашымды алам деп қырыққан қойдай ғып, талай рет түнде болмаса, күндіз сыртқа шыға алмай қорғалап қалған күндерім болды. Т.Сәу. ~ Мұншама ағыл-тегіл дәулетті тайга мен түздің көк инені құйрығынан түрте алмайтын қайдағы бір салдыр-салақ жалаң бұттары бостан-босқа рәсуа қылып отыр. Қ.Ысқ. ~ Енді мынау не енді? Көк инені көтінен түрте алмайды деген сіз боларсыз, сірә. Д.Дос.