Posted in

КӨКІРЕГІНЕ (КӨҢІЛІНЕ) КІРБІҢ ЕНДІ (ТҮСІРДІ)

Мұңайды, қайғы ойлады. ~ Соларға қарап отырып еңсесін тағы да бір тосын жабырқау басты. Көкірегіне ауыр бір кірбің еніп, көңілі мүлдем құлазып қалды. С.Мұр. ~ Осы сауалға тыншымай жауап іздейді қақпа бола алмаған қайран елге, қауқары жоқ күндердің құрсын бәрі, көңіліне кірбің түсіріп, көкірегін шерменде еткен сауалды Қабай жырауға ақтарады. С.Баяз.

КӨҢІЛІНЕ КІРБІҢ ТҮСТІ (ТҮСІРДІ, САЛДЫ)

Жүзінде реніш, мұң ізі пайда болды; (ренжітті) * Кішкене көңіліне кірбің түсті ме, дереу кітаптың кез- келген бетін ашып жібереді де басын бастап, арғы жағын көзін жұмып алып, жүдемелете оқи жөнеледі. Қ.Жиен. ~ Осынау ақкөңіл қарттардың, бүкіл халық үшін заңды ережеге айналған жәйді жаңалық ашқандай көруі оның көңіліне сәл кірбің түсіргендей еді. Ә.Әл. ~ Ботабек ұсынған бокалды қолына аларын алса да бірден аузына сөз түспеді. Бөгеліп барып: – Көңілдеріңе кірбің түспесін, тату – тәтті өмір сүріңдер! – деді де шарапты төңкеріп тастады. Н.Сер. ~ Обалы нешік, осы уақытқа дейін Тоқсаба Алқорының көңіліне кірбің түсірген емес-ті. Күдік-күмән кіргізбепті. М.Бай. ~ Қанша қиналып жатса да мұның көңіліне кірбің түсірмейін дей ме, қашанғы жаны сірі көнбіс дағдысымен сүйегіне қарысып, сыр білдірер емес. Т.Сәу. ~ Мейманды шығарып салған соң да сандықтаулықтар Анажардың тайға таңба басқандай көрініп тұрған айыбын сыртынан сөз етсе, еткен шығар, бірақ көзіне айтып, көңіліне кірбің салмады. Е.Әл.