Уайымға салынды, қасырет тартты. ~ Түнде алты ауыл Елібайдың қотанына бөліп қамайды. Әр қотанды атты екі күзетші түні ұзын ерсілі-қарсылы айналып шығады. Бибекең сонда да «ұрлап жатыр» деп қайғыдан қан жұтуда. Кедей, ұрысы көп жаламыр Елібайдың қотанына қой қамау – қасқыр мен қойды бір қамау сияқты.
Ғ.Мұст. * Сәрсебектен хат, хабар келді ме? Келмеді ме? Шешем қалай? Денсаулығы нашар, әрі уайымшыл еді. Сәрсебекке қоса мен де хабар-ошарсыз кеткен соң қайғыменен қан жұтып, қаусап қалмады ма? Б.Соқп. ~Әншейінде он мың жылқысынан бір тайды қасқыр тартса, қайғыдан қан жұтып жатып алатын байлар тізіліп келіп суын ішсе, өзеннің ағысын тоқтатып тастайтын үйір-үйір жылқыларын ауыл-ауылға айдатып әкеліп, «Ал, қане, азамат біткен атқа мін! Кек қайтар!» дескен ғой. Н.Дәу.
ҚАЙҒЫМЕН ҚАН ЖҰТТЫ
Ауыр қайғы жанын жеді; азып шегіп, құса болды. ~ Қаншама күндер бойы қайғымен қан жұтып үн-түн жоқ тұнжырап, іштей күйзеліп, ауық-ауық астыртын жылап, ауыр-ауыр ақырын күрсініп, кәрі ата мен ененің қабағына қарап ерте тұрып, кеш
жатып, таусылып бермес үй күйбеңімен бір де мезет тыным алмастан қызмет қылып шаршап, түні бойы аунақшып ыңқылдап шықса да ешбір жанға бет беріп, ауыз ашпаған Маусымжанға тіл бітті. Сүтпен бітіп, сүйекке сіңген мінезіне басты. Ш.Рах.
