Posted in

ҚАЛЫС ҚАЛДЫ

А) Шет қалды; ілесе алмады. ~ Міне, осыншама кереғар қасиеттерді бойына сіңірген, қайшылығы мол «мемлекеттік адам» Құнанбайдың романда тек көлеңке жағы қамтылып, күнгей бетінің жылуы қалыс қалған. Т.Жұрт. ~ Ал қыз-келіншек жағына келгенде, шүкіршілік, мен де есемді жіберген жан емеспін. Қысыр сөзден қызыл бұзау тудырып, албаты шуласқан анау әріптестерімнен озып кетпесем, қалыс қалған жерім жоқ. Ә.Асқ. ~ Ұрының жортатын түні Ноғайқұлдың көңіліне көмескі қараулық орнатады. – Саған, біле білсең, Кәденнен мен жақынмын. Қалыс қалшы өзің! Т.Әл. ~ Олай дейтінім Қырғыз елі ашаршылық көрмеді десек те болады. Өзбектер де солай. Өйткені біздің елден Алатау асып қырғыз барғандардың көбі-ақ ашаршылықтан қалыс қалып елге қосылды. Б.Қыд.

Ә) Бейтарап қалды; дауыс беруден бас тартты. ~ – Жарайды, жазып қоялық, Орманов жолдас қарсы деп жазып қоялық! – деп күлді. – Жарайды, ендеше, pәсім бойынша тағы бір сұрақ беруім қажет екен ғой. – Сәрсенбай ырқылдап күлді. – Ал кәне, қалыс қалған кім бар? Ә.Тар. ~ Лима орнынан көтерілді: – Мен қол көтеріп тұрмын. Мен қалыс қалдым, аға. Комиссия құру керек еді, сіздер асығыстық жасадыңыздар. Мен тіпті қалыс емеспін, мен қарсымын, аға! Ә.Тар.

ҚАЛЫС ҚАЛА АЛМАДЫ

Бейтарап қала алмады. * Бірақ, бұл жолы Жөгер түтіні қалыс қала алмады; кешікпей улы Феодорға повестка келгенде ол таңданарын да, ренжірін де білмей дал болды. Қ.Ысқ.