Posted in

ҚАНЫ ЖЕРГЕ ТИМЕДІ (ТАМБАДЫ)

Қадірі, беделі гүрілдеп, қолға түспей тұр; аса жоғары бағаланды, құны аспандап кетті.д.м. * «Жауынды күні ит пен бала құтырады» дегендей, со кезде ақсақ, таз, мылқау, бүкірлердің қаны жерге тимеді. Оларды орнына көрсетуге жалдаған кісі Қытай қорғанына тығылғаннан кем болған жоқ. Ж.Айм. * … бір дуанды билеп тұрған аға сұлтанның баласы, оның үстіне
орысша оқымақ, орысша білгеннің қаны жерге тамбай тұрған шақ, ендеше, бұл да ертең қазақ даласындағы әміршілердің біреуі бола кетеді, сондай адамды үйінен баулып ұшыру керек. С.Мұқ. * Виктор мен Әлфия іспетті атағы әлемге әйгілі Москва университетін бітірген кадрлардың қаны жерге тамбай тұрған кез, екі жас коммунисті қояр да қоймай Алматыдағы жаңадан ашылған институтқа жібереді. М.Қаб. * Шудың сорасы, Заравшаннан там-тұмдап жететін көк нәр мардымсыз, аңқасы кеуіп, өкпесін қағып әкел-әкел деп анталаған мыңдаған қолдың қайсысына жетсін. Бәсін қалай аспандатсаң да қаны
жерге тамбайды. Т.Сәу. * «Қызық…- деп ойлады көшенің мүйісін құйрығымен қағып тастап, әрі айнала берген таксиді көзімен ұзатып салып тұрып. Таксишілер көліктің қаны жерге тамбай тұрған аэропорт, вокзалдарда аш қасқырша жалаңдап, жыланы қайтпай тұрушы еді… Қызық…» М.Қаб. * — Үгінгіні не істейсіздер? — Әпелкені ме?.. Әпелкенің қаны жерге тимейді! — деп старшой алтын үлестіріп тұрғандай шіренді. — Отқа жағуға да болады, ет ыстауға да болады, көктемнің осындай қара қатқатыңда пысық қатындар өгретке үйіп, ортасынан лунка қазады да топырақ толтырып, әгүршік егеді. Қ.Ысқ.