Posted in

ҚОЙ АУЗЫНАН ШӨП АЛМАЙДЫ (АЛМАС, АЙЫРМАЙДЫ)

Мінезі жұмсақ, момын, тірі жанға зияны жоқ. ~ … тау көкірек, мақтаншақ, сиырдай сары қыздың қой аузынан шөп алмас мүп-мүлөйім, нәуетек, науша қыз бола қоюы Күнікейге торғын қағазға ораған сасық сабындай немесе алтын жалатқан мыс сақинадай, алдауыш, бояма болып көрінді. Ж.Айм. ~ Алпысбай, Жақып сияқты «қой аузынан шөп алмас, момын» деген қараңғы қара батырақтардың саңылауын ашып оларды пысық батырақ еткен, сонау сырттағы Қостанай партизандарының арасына алып барып қосқан себептері де, осы болатын. М.Дәу. ~ Қауғабаев әншейінде қой аузынан шөп алмайтын момын, елеуісіз кісі еді… О.Сәрс. ~ Былай қарасаң, қой аузынан шөп алмас момын, үстінен түйе жүріп жатса былқ етпейтін сыпайының өзі. Қ.Жұм. ~ «Шарипаштың әкесі Науқанбайға өте обал. Рас, жігіт шағында ұрлық жасаған шығар… Кәзір ол кісі қой аузынан шөп алмайды ғой… Т.Берд. ~ — Кәрі сайтан бір күндік ұсталыққа шыдамаған екен. Келіншегін қой аузынан шөп айырмайтын менен қызғану еді, өзгелерден қалай қызғанбайсың.Т.Әл.