Posted in

ҚОЛ-АЯҒЫН БАУЫРЫНА АЛДЫ (ЖИНАДЫ)

Аман-сен жеңілдеді, босанды. ~ Желікпелі, жел құрсақ қызыл айғыр әзіл-мәзіл етуге торы биеге келіп, мойнын күдірейтіп, қоқырақтап, иіскелеп, оқыранады. «Қойшы өзің! Сендей ерігіп жүргем жоқ, менен басқа да қатындар бар ғой, қол-аяғымды бауырыма ала алмай жүрсем жоқ жерде қысқаны несі…» деген немеше, торы бие құлағын жымитып, артын қиқаң еткізе түседі. Ж.Айм.~ Жоқ, енді Тана аман-есен босанып, қол-аяғын бауырына алмайынша, Ұзақ алыс рейске басын кессе де бармайды.Ауылдан ұзап қия баспайды. С.Мұр. ~ Тезекті жеткізіп берген бала: «Апатайымның жағдайы қалай?» дегенде шешей: «Апатайың аман-есен, қол-аяғын бауырына алды. Дүниеге шынашақтай қыз келді. Осы қызды түбінде саған беремін» депті. С.Молд. * Күн демалыс, Ораз екеуіңіз біздің дастарқаннан дәм татсаңыздар… Келініңіз қол-аяғын жинады… Б.Тоғ.~ Ақыры көндірді. Баласымен алып шығады. Қол-аяғын бауырына жиғанша, жақын туыстарының үйінде болады. Содан соң… қалтасына бар қажетіне жетерлік көп ақша салып береді. Басы бос, қай тарапқа да жол ашық. Әрине, сәбиін тастап кетеді… М.Мағ.

  1. Бүрісіп, құнысып, бір уыс болып жинақталды. ~ Төсекті бір-біріне тақап салып тығылыса жатқан кісілер көрпе астына кіре сала қол-аяғын бауырына алып тым-тырыс бола қалды. Ә.Нұрп. ~ Ол терезеге жақын төсекте, қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқан он бес жастың шамасындағы баласына бұрылды. Үстіндегі жамылған көрпесін тепкілеп түсіріп тастапты. Қол-аяғын бауырына жинап, бүрісе қалған, пыс-пыс етеді. М.Сүн.