Мүлде бағасыз, тым арзан, түкке керегі жоқ. ~ Әбзел болмаса, қылпылдап тұрған түреннің де, арындап тұрған аттарыңның да құны бес тиын дейді. Ш.Айт. ~ Қыз болса, танауын жел жаққа көтеріп тастап үй-ішінің бар құпиясын шімірікпей ақтарып келеді. Енді қайтып кездеспейтін құны бес тиын адамға ғана айтылатын сыр… М.Қаб. ~ Оның үстiне ғашық- қызға ғашық, алдағы қызықты күндерге ғашық жас үшiн бес жыл қасықтап жинаған бiлiмнiң құны бес тиын болар сәтi бар. Ж.Шағ. ~ Дүниені талақ қылатын адам, өзіне өзі қол жұмсауға бел шешкен адам өмірден жериді, өмірдің құны оған бес тиын болады, адамдардың қылығы, тіршілігі ұсақ көрінеді деуші еді… Ә.Тар. ~ Бірге туған ешкімі жоқ, ал мұндағы жамағайын туыс, руластарының құны оған бес тиын. І.Ес.
