ҚҰТЫ ҚАШТЫ Берекесі кетті; сәнінен айрылды; өңі бозарды; абыржыды. * — Е, ән салып келесіңдер ме? Кәне айтыңдаршы?-деді. Байдың қызы жоқта ыңырсып келе жатқан жаман-жұман қыздар: Обай-ау… жоқ… әншейін…- деп, құты қашып, дымын қоя қойды. Ж.Айм. ~ Өздері бірдеме туралы өте абыржыған түрде құттары қашып кеңесіп отыр. Шырайларынан, қимылдарынан, үндерінен, барлық түрлерінен, сөйлеген сөздерінен жайшылықтағы қалыптарынан айрылып отырғандықтары көрінеді. С.Сей. ~ Жазғы жайлаудың құты қашқанын сезбеген өгей ене мен тел құлын Сүгірдің көңілін қамықтырды. Т.Әл. * Бұл жолы сұм-сұрқия, сұғанақтарға кезiккен жоқпыз, – дедi. Нұржанов селт ете түстi. Осындай сөздiң ұштығы шықса-ақ қуыстанып, өзiнен-өзi құты қашатын болған. Ж.Шаш. * Жаманның жамандығын айт, құты қашсын. М-м. * — Шырайлым-ау, шебер жігіт үйге кірсе, сенің түсің бозарып, құтың қашатын болыпты ғой ? — деді. Қыз сасып қалды. Ү.Жәл. * ~ Күші қайтты ма, сесі азайып әруағы қашқаны ма? Қалаға келсе- ақ құты қашып, берекесі кететіні қалай? Алдымен анау күшік шәуілдеп балағына жармасты. С.См.
