ҚЫЗЫЛ КӨРГЕН ҚЫРАНДАЙ (ҚАСҚЫРША, ҚҰЗҒЫНША т.с.с) Қомағай құмарлықпен; аш көздене. * Жеңгемді әлі де жақсы көріп, сүйетінім өз алдына ауызданып дәндеп алған нәпсі ит те қызыл көрген қырандай кей-кейде ақыл санамды билеп кете береді. Б.Соқп. * Майлыбай қалтасын қамти ұстап, жаудан түсіріп алғандай одыраңдап, өңшең Байманға қарсыларды соңынан шұбыртып, қызыл көрген құзғындай анталатып, олжаны бөліске салуға үй артына жөнелді. Ж.Айм. * Жылдар бойы бұл мәселеде “ораза ұстап” оңбай жүрген жазған басым, әйелдің анау-мынау итермесіне көнбей, сол арада әлгіні қызыл көрген қасқырша бас салдым… О.Сәрс. * – Біз қанша қозғалсақ та, бұрқансақ та еркек сияқты емеспіз. Сіздер ғой қызыл көрсеңіздер көздеріңізді суғармай кетпейтін, – деп Терлікбай-дың тоқалы Биби де қалжың әңгімеге кірісті. Ә.Шәр.
