Аяусыз өлтірді, қырып-жойды, зорлық-зомбылық жасап күн көрсетпеді. ~ Бұлар елді қынадай қырып, пәре алды. Жұртты тасқаяқтай қағыстырды. Әсіресе «ат бермеймін» деп шатақ шығарған елдің бар жақсы атын жаздыртып отырып, сыпырып алды. І.Жанс. ~ Судың да сұрауы бар. Қара халықты қынадай қыратын болсаң ертең өз ұлықтарың-ақ тақымыңа қылбұрау салар. Ж.Шәк. ~ Иесіз қалған қойларды қасқыр қынадай қырғанына өздері куә. Қалың шалғында нөсерден кейін аттың ізі, әрине, анық қалмайды. Б.Ыб.
ҚЫНАДАЙ ҚЫРЫЛДЫ
Жаппай қырғынға ұшырады. ~ Күн екені белгісіз, түн екені белгісіз, қараңғылықта қалған жау шерігі өзара қырқысып, қынадай қырылады. Ж.Шәк. ~ Сонымен, шұрайлы жерлі, мыңғырған малды, өршіл ерлі ел неге қынадай қырылды? Неге қырды? Мыңдап емес, миллиондап?! Ж.Аяз. ~ … қара түнек жаугершілікті жолда қынадай қырылып, тоз-тозы шыққан қалың елдің ауру-сырқауларын, жас сәбилерімен жасамыс қарияларын арқалап көтеріп жүріп, сонша шырқау қиырларға сапар шегуін дүние халықтарының ешбірі бастан кешіріп көрмесе керек. Ғ.Біл. ~ Былтырғы тақыр жұттан әрең құтылып, енді-енді есімізді жинай бастап едік, жер жүзіне қара құрт деген пәле қаптап, бағынышты еліңіз қынадай қырылып жатыр. М.Әбд. ~ Мұстафа: Мен тұтқындардың жай-күйі мұнша нашар деп ойламаған едім. Аштық пен аурудан қынадай қырылып жатқан түркістандықтардың тағдырына бей-жай қарай алмаймын. Қ.Бегм.
ҚЫНАДАЙ ҚЫРЫЛЫСТЫ
Арпалысып, бірін-бірі қырып салды. * Ғасырға жуық ғұмырында сан төңкерілген заманалардың, бірін-бірі табалап, бірін-бірі күнәландырып, қынадай қырылысқан жорықтардың қыры мен сыры жатыр жүрек сарайында. Ғ.Біл.
