Posted in

ЛАУ (ЛАУ-ЛАУ) ЕТТІ

Жамырап шуласты, жайылып кетті. Дүрк етті; бірден өршіп кетті; оттай лап етті. * Кім істегені белгісіз, әйтеуір жеті-түнде, барлық жұрт ұйқыда жатқан шақта ояз жатқан үй лау етіп өртене бастайды. М.Әу. * Қази (толқып). Сонысы да бар. Былай да ыза кернеп, шоқ түссе лау ете түскелі тұрған халық, оның түсін есітсе… С.Мұқ. * Екінші жағынан; терең жасырынған хайуани нәпсі сезімнің әдемі адами көрінісі – ғашықтық оты да лау ете түскен. С.Елу. * Айтуын айтып алып, тілін қыршып ала жаздады. Бойында жүрген қызғаныш деген пәленің ойда жоқта лау еткен сәті еді бұл. Н.Дәут.* Ру талас, бақ таластың демi, үнi сияз басына келген, сөз қуған – атқамiнер, старшын елубасылар, атшыбар қосшылар, қошеметшiлер арасында осылайша лау-лау етедi. М.Әу. * Қатарда жортып келе жатқан Жарқымбай, Дубай, Құлайғыр үшеуі бірдей: “Сәт-сәт, жол болсын”, “байлансын, Ораздының жолын берсін!” – десіп лау-лау етісті. М.Әу. * Қазір ол күн еске түскенде, он бойы жидіп уылжығандай. Омырауы иіп, ыстық сүт әне-міне өңіріне құйылып кетердей. Лау – лау етіп бір сезім келеді. С.Елу.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *