Posted in

МАҚТАН ЕТТІ

Әлденені абырой көріп, мақтаныш сезіміне бөленді. ~ Аңшылық өмірінде талай қыранды көріп өткен Бекбол Қызылбалақтың сілкінуінде зор қайрат лебі барын танитын. Сүйсініп, мақтан ете сөйлеген кездерінде: “Атама, сілкінгені тақ қымқап шапанды сіліккендей келеді мүттем”, — дейтін. М.Әу. ~ Баласының жүзіне анық ата мейірімен қараған Абай көз алмай, қадалып қалған еді. Ішінде осы баласы үшін мақтан еткен қуаныш және шүкірлік бар. Бір кездегі өз сөзі есіне түседі. М.Әу. ~ Осылар арасынан шыққан Базаралы болса, ол әрі сымбатты, сұлу, әрі шешен жүйрік. Жігітек ортасы мақтан еткендей, атпал азамат, атан бітімді жігіт еді. Ерлік пен мықтылығы да сай. М.Әу. ~ — Сәкен маған сәлем берер. Біздің Сәлкенді білетін шығар. Біледі, — деп тамағын кенеп қойды Балекең. Сәлкен жалғыз ұлы, Ақмолада қызметте. Анда-санда губерниялық газетте өлеңі шығып тұрады, Балекең баласын мақтан етті. Ғ.Мұст. ~ Бұдан оның балаға әке болғанын мақтан ететіндей әкелік жылы леп қоса өскен тәрізді еді. Мұнысы ағасына, Нұрмолдаға қатты ұнады. С.Бақб.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *