Басы қатып, дал болды. * Даң-дұң оймен жүргенде миым қатып, Өмір өте шығады-ау құйындатып. Р.Ниязб. ~ Әншейінде шешенмін, сұңғыламын, Қазір даусым қарлығып, қылғынамын. Мың министр ойланып, миы қатып, Қиналады бар ақын, күллі ғалым. С.Тұрғ.
МИЫ ШАҒЫЛДЫ
Әлдебір нәрсені түсіне алмай, басы қатты. ~ Шарасыздықтан миы шағылып, шақша басы шараға айналған. Қандай амалдың барын бiлмей, алжыған итше беталбат сенделiп келедi. Ә.Ыб. ~ Соны ойлай-ойлай үш күннен бері көңілі дал болып, миы шағылып біткен. Ә.Тар. ~ Одан да ерлi-байлы екеуi барып Iлиясты қарсы алғандары ұнамды. Миы шағылып, аласапыран ойдан көкiрегi жарылып кетсе де бiрер сағат жалғыз қалғаны дұрыс. Ә.Ыб.
