НӘПСІГЕ ҚҰЛ БОЛДЫ Құлқынның айдауында кетті. ~ Мен олай санамаймын. Алла салаған таза жолмен адал өмір сүреміз. Сенің айтқаның нәпсіге құл болған зинақордың сөзі. АҚ “Дара сезім”. ~ Қарақан басының қамын ғана ойлаған саясаткерлер мен ұятсыз капиталист байлар дүниені басқарып отыр. Нәпсіге құл болғандар поэзияны түсіне ме?! А.Файз. ~ Сонда сездім бұл қыспақтың алапатты қылығын, Ақыл-есін сатқандарға салған бұғау құрығын, Қу нәпсіге құл еткендер парасаттың тұнығын. М.Мақ.
НӘПСІГЕ ТАБЫНДЫ Құлқын қызығын бәрінен жоғары қойды. ~ Арнасынан асып лықсыған ыстық қан екпінінен айрылып, ортая түсті. Құпия дүниені қызықтап, жолбарыс нәпсіге табыну — бишаралық жағдай екенін мықтап сезіндім. Т.Бер.
