Posted in

МЫС ҚАЗАНДАЙ ҚАЙНАДЫ

Ішін өкініш, ыза кернеп, күйіп-жанды; ашуға мінді; бұлқан-талқан болды. ~ Жағаға толқын ұрып, демін құрып, Ақ шабақ болғаным ба қайраңдаған, Іште дерт, мыс қазандай жай қайнаған, Жолы боп жаудың жүзі жайнаңдаған. М.Әу,

МЫСҚЫЛЫН МҰРТЫНЫҢ АСТЫНА ЖАСЫРДЫ

Байқатпай, кекете күлді. ~ Итіне дейін өзін сенен артық сезіп, мысқылын мұртының астына жасырып жүретінін кәйтерсің. Хайуан өңкей. Ә.Нұрп.

МЫСТАЙ ЕТТІ (БОЛДЫ)

Тап-тұянақтай қылды. ~ Титімдей бақ-ша-лықты темір тормен мыстай етіп қор-шап тастаған, төбесінде ау, бір адам

ғана қырындап кіретін есіктің аузында шоқпардай құлып. М.Қан. ~ Атының басымен алысқан сарбаздар қапталдан

кеп тиді. Олардың тайынбай шапқан екпінін көріп, соңында жер қайысқан қолға арқа сүйеп өзеурегендер екен деп, шатақшыл топ мыстай болды. Ә.Ыб.

МЫСТАЙ ҚЫЗАРДЫ

Беті қып-қызыл болды. * Сары келіншектің бүйрек беті мыстай қызарып алаулаған сайын Бекеничтің тынысы тарылып, алқына түсті. Т.Сәук.

МЫСЫ ҚҰРЫДЫ

Амалы, лажы таусылды, өзін бейшара сезінді, не істерін білмеді; пұшайман болды. * Басын көтере алмады. Жердің тесігі болса түсіп-ақ кетер еді. Сілесі қатты, мысы құрып. И.Жақ. * Енді, міне, мысым құрып, не айтарымды да білмей ыбылжып тұрмын. Басқалардың алдында ешкімге сөз бермеймін”. C.Смат. * Даугер топтың мысы құрып, кіжініп түр. Б.Тоғ. * Ерні кеберсіген. Ардақ қанша жан-таласып жылжыса да, жете алмай-ақ мысы құрыды. О.Бөк. * … әлдебір су жаңа калош киген сұмырай шиырлап таптап кетіпті де, сасыған резеңке иісінен танауы тарс бітіп, әбден мысы құрыды. А. Чех.

МЫСЫ БАСТЫ

Біреудің сұсынан тайсалды, қаймықты д.м. ~ Әжімбет онда қазіргідей емес, тілді, екпінді еді, Құрбанды мүлдем мысы басып барады. О.Сәр. ~ — Ойын, қалжыңның жөні басқа, ал бұныңыз ұят, ағай! — деді келіншек.

Айнаштың мысы басып, бұл абыржып тұрып қалды. Ә.Тар.

МЫСЫҚ КӨЗДЕНДІ

Жылт-жылт еткен жыпылық көзге немесе соған ұқсаған құбылысқа қатысты айтылады. ~ Кәмеш Белгібайдың бой жеткен қызы. Өзі гармонь тартады. Қазақ, ноғай әндеріне дауысын қосады. Бойшаң, тарғыл мысық көзденген, кәмпит мұрын, ақ – сұр қыз. І.Жанс. ~ Науан шоңғалдан жүгіріп төмен түсті де, сонадайдан оты мысық көздене жылт-жылт етіп тұрған ауылға бет алды. М.Сүн. ~ Отырған сызды топ та өздерінің асқақ әкімі полковниктің бұл сөзіне тегіс түстерін жадыратқан боп, Керімбекке мысық көзденіп ақырын қарасып қойды. Ж.Ахм. ~ Қара көлеңке аула ішінде, езуіндегі шылымы мысық көздене жыпылық қағып отырған өткелшінің мынау үнін естіген жан жоқ. М.Сүн. ~ Кең вестибюль толы жастар. Жайшылықта бірер шамы мысық көзденіп, сығыраңдап тұратын ғой. Қазір барлық шамы да жанған, жап– жарық. М.Сүн.

МЫСЫҚ КӨЗДІ (КӨЗ)

Жылт-жылт еткен кішкене көздер туралы. ~ — Жөн айтасың, — деп біздің қасымызда тұрған бетінде қорасан дағы бар мысық көз жалпақ сары Әлмырзаның сөзін тірілтті. С.Шайм. ~ Мыңқ етпейді-ау мұңыма, Үн қатпайды-ау мұныма Қысық көзді құба таң, мысық көзді зұлмат түн. И.Сап. ~ Шешесі жатқызғаннан бері үш бала қыбыр етпесе де, бірақ құдай біледі, ана бажбиған мысық көз сары әлі ояу. Оған Еламан күмәнданбады.

Ә.Нұрп.

МЫСЫҚ КӨМБЕ (ҚЫЛЫҚ)

Жасырын қулығы көп, арам пейілді д.м. ~ Бергі беттегі “ата жау” Құдайы көрші Тынымқұлдың өзі! Қолды-аяққа тұрмай жылмаңдауы жақсы еді, оның да мысық көмбесі белгілі болды. Қ.Ысқ. ~ Тәукені қинайтын да осындай мысық көмбе қылық. Құйрық- жалсыз күн көретін құлан ғана, ханның оларсыз күні қаран. С.Смат.

МЫСЫҚ ҚЫЛЫҚ

Білдірмей істелген арамдық, айла-қулық туралы. ~ Сен қарайсың ызамен, таңданумен сүрінбейтін жандарға мысық қылық. Тірлік-мұхит жатады шалқып ағып, сүйрелейді — мейлің сен қалтыра, бұқ. Ф.Оң.

МЫСЫҚ МҰРТ (МҰРТТЫ)

Тікірейген селдір мұрт. ~ Нақ төрде мысық мұртын ширата түсіп, қағылез шағын денесін тіп-тік ұстап, сергек отырған елулер шамасындағы арықшалау қатқан кісі Ахтанға сұрақ қойды. Ө.Кәр.~ Мысық мұртты, сығыр көз батыр, топталып отырған әйелдер ішінен шешесінің бауырынан шыға жан ұшыртып бара жатқан бес жасар баланы көзі шалып қалып, тышқан көрген жапалақша ұмтылды. Б.Жұмаб.

МЫСЫҚ ТАБАН

Басқан ізін білдірмейтін қу. ~ Лекеров басынан-ақ тәуекелшіл. Басқан-тұрғанын есепке құрып, көлеңкесінен қорқатын мысық табан әккі емес. Есіліп сөйлеп, еркінсіп жүретін ер көңілді қашаннан. Ө.Кәр. ~ Қора сыртындағы ашық-шашық әңгімеден

кейін мысық табан әдіске көшкен Елтай: – Біраз мылдадық…- дей салды. Есті жігіт бензин сауыттың қасында шырпы жақпайды. М.Қаб.

МЫСЫҚ ТАБАНДАП

Байқатпай, біртіндеп тақап келу; алдап-сулап, жымысқы әрекетке көшу. * Әлi алыс болғанмен, мысық табандап келе

жатқан күздiң әлсiз белгiлерi жұқа сарғыш реңк болып, жиегiне бiлiнер- бiлiнбес жағылған жапырақтар көктемдегiдей көңiлдi үнмен еркелеп сусылдамайды, еркiнен тыс әрi көңiлсiз ғана желпiлдейдi, желкек қағып. Ж.Шағ. * Әзім үй тола қыздарды шетінен бауырына бір-бір қысып, Бәкизатқа ең соңынан мысық табандап жақындап келе берген-ді. Ә.Нұрп. * Бәреке-елді! – Саңқ еткен дауыстан жалт қараса, мысық табандап қашан жетіп келгені белгісіз, желке тұстарында алақанын жайып

ыржиып Қосымхан тұр. Т.Сәу. * Жұрт арқа-жарқа күліп, бас терілері кеңіп қалады, онымен қоймай: «Әй, Абыралы ма,

Абыралы өзіміз ғой, көңіліне кір жолатпайды»,- деген оң пікір түйеді. Ол өстіп мысық табандап ұпай жинайтын. М.Қаб. *

Әбжал осыдан былай қарай мысық табандап Еркөбекті сүріндірер амалды іздеген. Н.Дәу. ~ Қайда қашады, өзі көтерер ғой шамасы жеткенінше. Сын сағаты мысық табандап жетіп келген секілді. Япыр– ай, бұл пәлекеттің екпіні сонша қатты болар

ма! Қ.Жиен.

МЫСЫҚ ТІЛЕУ

Қара ниет * Өзi мойындағысы келмесе де, осындай бiр сойқан болса екен деген мысық тiлеу көкiрегiнiң тереңiнде бұғып жатқан секiлдi. Т.Сәук. ~ “Шай қойсам ба екен? Әй, соны кім ішеді? Анау енді бүгін түгіл ертең тұрмайды. Қандай көкайыл! Әр сөзі өңменіме атқан оқтай қадалды– ау! “Көгерме! Қу бас өт” дегені не сұмдық! Әй, сонда бұл мысық тілеу шіркін өз балаларына қастық ойлағаны ма? С.См. * Осы жерде қазақты өзінің, дұшпанға, жатқа кетсе де қазаққа бұйырмасын, бұйырса маған ғана бұйырсын дейтін мысық тілеуі, қысқасы отарлық “дәурен” кезінде қалыптасқан ең анайы ментальдік сырқаттары сүріндірді. Т.Әсемқ. * Әсіресе, мына мысық тілеу директорыңның көзіне неге тікен болып қадалғаныма түсінбеймін. Б.Тоғ. ~ Тапсырма қиын, мұғалім қатал. Орындамасқа, ойланбасқа шама жоқ. − Осыны неге әскерге алмайды екен, − деп, Жолдасбек тағы бір мысық тілеу айтты. Қиналған шығар. Ш.Мұр.

МЫСЫҚТАБАН БОЛДЫ (МЫСЫҚТАБАНДАП БАСТЫ, БАРДЫ)

Аяғын ақырын, еппен басты; басқан ізін білдірмей, жасырын жүрді. * Біреу-міреудің көзі шалып қалмасын. Мысықтабан бол! – Айнұр екі айтқызбаймын дегендей имек қастарын маңдайына түйістірді. Ш.Құм. * Жеміне шапқалы тұрған жолбарыстай әр дыбыс, әр сыбдырды қалт жібермей, жиі тың тыңдап, еппен, мысықтабандап басады. К.Сег. * … баукеспе ұрыларша сырт көзге жымын білдірмей мысықтабандап барып күнде құшақтасып қайтатын ақ білек, бұраң бел, күлім көз келіншек: «Қайтесің, қамшылама қасқа атымды, қыздардан артық көрем жас қатынды… » деп әндете жөнеледі. З.Қаб. * Жарма есікті ашып, мысықтабан жайлап басып енген мұны көріп, саусағымен іліп шақырып, кеңес өткізетін ұзын үстелдің шетін мегзеді.

Д.Досж.

МЫШТАЙ БОЛДЫ

Жым болды, артын қысты. ~ Шыны ма дегендей тракторист мыштай болды. Бекет албастыдай төнген жылқышының кейпін көріп ығысайын деді. Қ.Ысқ. ~ Уәзірдің жүні жығылып, мыштай болды. Ә.Ыб. ~ Жалғаншылардың зәресі ұшып кетті білем, тіпті аузындағы сөздерін де дұрыстап айта алмады. Екеуі де өткір боп көрінетін жалақор көп алдында мыштай боп ықтап кетті. Ғ.Сл.

МЫШЬ СЫТА И МУКА ГОРЬКА

ҚАРЫН ТОЙСА, ҚАРТА БОҚ (ӘЛЕМ) САСИДЫ

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *