Posted in

ӨМІР СЕРІК

Жан досы, өмірлік жар, жұбай. ~ Әспетті неге іздейтінін енді тапқандай. Сәлима өмір серік болса, Әспет ой серік. Өмір серікке Бағдан зәру екен. С.Шай. ~ Дәулен Рухияның жүзіне ризалық білдіре қарап, өзінің ішін анық таныған өмір серік жолдасына басын құлшына ие берді. С.См. ~ А с а н. Апам — біздерге ғана апа ғой. Апам жақсы кісі. Бірақ, ол кісі ақсақалға ғұмыр серік болғанмен, өмір серік емес. Өмір серік болмаған. Қ.Ысқ.

ӨМІРЛІК СЕРІК

Сүйген жары, құдай қосқан қосағы. ~ Мен де есік алдына шықтым. Оның өмірлік серігі темекі шегіп тұр екен.«Мен Тоқтасынға бәрін де айтқанмын», — деген Ғайшаның үні құлағыма қайта естілді. Қ.Түм. ~ Одан да Меңтайға оны әлі күнге дейін сүйетінімді неге айтпадым? Айтып тұрып, «адал жарын болайын, енді мені өмірлік серігің ет» деп неге жалынбадым оған?» деп өзіме өзім ұрыстым. Ә.Нұрш. ~ Сұлулық жағынан Ботагөз Алексейге өте ұнады. Өмірлік серік болу туралы ойламағанмен, Ботагөзбен аз күн рахат өмір сүруге Алексей шын ниетімен құмартты. С.Мұқ.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *