Ауыр тиді, жүрегін сыздатты, жер-жебіріне жетті. ~ Анасының сұрағы Ақылжанның өңменінен өтті. Аштыққа қарсы күрес комиссиясының аласұрып іздестіріп жатқаны да осы ғой. К.Қаз. ~ Бұл шешесінің Еркебұланына айтқан ең алғашқы қатты сөзі еді. Бірақ сөз болғанда қандай! Баласының өңменінен өтіп, бүкіл денесін өртеп жіберді. І.Ес. ~ Бәйбішенің мінезінің терістігі бұрыннан да мәлім ғой, әйтсе де, Берденнің өңменінен өтіп кетті. Б.Майл. ~ Өмір бойы шеңгелдей қысқан қас жауының тырнағы өңменінен өтіп, өзегіне жеткендей ышқына атылып ішке кірді. С.Ғабб. ~ Түс әлетінде ыздиған біреу келіп кірді. Бұны көзімен ішіп-жеп, тесірейіп тінте ұзақ қарады. Көзі өңменінен өтіп барады. Сірә, басынан ықтырып алмақ. Марғуа сыр бермеді. Тастай қатып отыр. Ш.Бейс. ~ Бұл сөздерді орыс Бахтияров алқынып, түкірігіне шашалып, әрең тауысты. Әрі шүңірек көк көздері де Құндақбайдың, басқалардың өңменінен өтіп бара жатты. Ұ.Досп. ~ Мені қайдан білесіз дегендей Шекен сұраулы көзі өңменінен өтіп барады. Еркебектің қоржынынан алған асына да көзі тұнып қараған. Аш екен деді іштей. К.Жүн. ~ Ақырын көз қиығын жүгіртіп: «Пері ме, жын ба, не қылған адам?» — деп қарағанында көргені расында түсінен адам шошырлық ұсқынсыз, имек тұмсық, иә тұмсығы бүркіттікінен аумайтын, басы да сопақ біткен, жағы қушиған, күйген табадай реңіне тек ғана адамның өңменінен өтетін қыран жанарлы көкшіл көздері әр берген, шаршы таққан адамның сұсты бейнесі. А.Кеңш.
