Дүрлікті, жаппай орнынан тұра келісті. ~ … басқа жақтан ауып келіп өздерін билеп тұрған келімсектерге қарсы өре түрегелген, осындай қан сонарда үн жоқ, түн жоқ жай жату жарамайды. С.Сей. ~ Бұл – әр қазақтың ақыл-ой намысы әр тал шашының түбінен өре түрегелген қыстығу кезеңі еді. Т.Жұрт. ~Арада жыл өтеді, жыл емес, ай өтеді, басқа емес, сол кісілер – Алдабек Қаражұманов бастаған он бес академик, Мүштар Мақанов бастаған жиырма сегіз депутат – жиыны елге танымал қырық бірдеңе қайраткер тізе қоса, өре түрегеліп, ойбай, қазақтың бай тарихы қайда қалды, Шыңғыс хан да біздікі, Алтын Орда да біздікі, егемен еліміздегі тәуелсіз, азат халқымыз өздерінің ата-бабасының өткен даңқты жолын танып-білуі керек, қаулы қабылдансын, ақша бөлінсін, жұмыс жасалсын деген ұран көтерсе несі бар. М.Мағ. ~ Үйге кірсем әкем мен апам кешкі шайларына жаңа отырған екен. Мені көрді де екеуі де өре түрегелді. Бірінен соң бірі кезек-кезек айналып толғануда. Т.Әб.
Бас көтерді, қарсы шықты. ~ Бұған қарсы осында құлағына сіңген бірер пікір өре түрегелді. — Ол далада су жоқ. Жоңышқа шықпайды. — Жаз жайлаған тауда ырыс жоқ. Әрі қар қалың түседі. С.Шай. ~ Оның жүрегіндегі бір нәзік сезім ата-анасын осылай ақтап алғысы келсе де, «неге жоқ?!» деп өре түрегелді әпенді қыздың бүкіл болмысы бұл ойына қарсылық көрсетіп. Е.Әлім.
