Posted in

ӨРТТЕЙ ҚАПТАДЫ (ҚАУЛАДЫ, ЛАУЛАДЫ)

Сансыз көп болып бас қойды. * — Әне тағы шықты. — Қарасы қырық шақты ат. — Әне, тағы бір буыны көрінді. — Тағы, тағы. — Шаң! Шаң! — Өрттей қаптап келеді.  С.Жүн. * Мұғалім. Мен түсінбеймін! Болыс. Тоқтау айтыңыз. Сіз айтсаңыз тыйылады дейді. Әне, өрттей қаптап келе жатыр. М.Әу.

ӨРТТЕЙ ҚАУЛАДЫ

Ілезде тарап кетті; жер-жерге жетті. * Ауыл арасы әңгімесіз бола ма? Алып-қашты қауесет өрттей қаулап, бірден-бірге ұласа, ұлғая келе, түрлі реңк алып, әлденеше құбылып, әрқалай пікір туғызып жатты.Ү.Жәл. * Атам заманда аңдаусызда оппаға түсіп, майып болған бала, атам заманда құтырған ит талаған бала жайлы үрейлі әңгімелер өрттей қаулады.  М.Қаб. ~ Арман оның бірде-біріне бекінген жоқ. Егер өзі Жаннаны жақтай қалса өрттей қаулайтын ертеңгі қаңқу сөздер қиқу салып киіп-киіп кетеді. Бір жағынан бүгінгі досы Бураханның «жуан жұдырығы» да елестейді. Ә.Әб. * Ауыл шетіне қарғаша салып, өрттей қаулап келе жатқан індеттен сақтану керек. Оның емі — аластау, ағайындар, аластау! С.Жүн. *  Бұл да дәп сондай салтанат. Қара-қожыр ауыл бір-ақ сәтте сәні кіріп, жайнады да кетті. Кеу-кеу әңгіме өрттей қаулап, желпінді де қалды. Т.Сәу. ~ Оның  үстіне  қытай  елінің  өз  ішінен  қақ  жарылып бүлінуі,  және  бір  жағынан  шығыс  Түркістан  азаттығы жолында  ұлт-азаттық  қозғалыстың  өрттей  қаулап өрістегендігі  Моңғолияның  батыс  шекарасындағы ахуалды  ауырлата  берді.  Ш.Рах.

ӨРТТЕЙ ЛАУЛАДЫ

Ілезде жайылып кетті. * Осы-ақ екен, барлық иін тіресіп тұрған ер-азаматтың бәрінің аузына ұрандай боп бірнеше өткір, айқын, анық сөздер өрттей лаулап, тарай жөнелді!.. “Өшіңді ал!”, “Ел өшін ал!”, “Ердің өшін ал!”, “Абайдың, Абайдың өшін ал!” … М.Әу. ~ Мұны ағамыз қай кезде жазды дейсіз ғой? 1932 жылы! Зорлық пен зобалаңның, қорлық пен қудалаңның өрттей лаулап, қаулап тұрған кезінде. Жүрек жұтқан адам деп осыны айт! Басқаны былай қойғанда, күні кешегі 86-ның сергелдеңінде талай “тарландарымыз” бен “арландарымыз” сыр білдіріп алған жоқ па?.. И.Сап.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *