Posted in

ӨСЕККЕ ТАҢДЫ (ТАҢЫЛДЫ)

Сыртынан жамандады; әңгіме қылды; артынан сөз ергізді; өсек қылды. ~ Періште болып жүрген бірі жоқ, бірде болмаса – бірде жаңсақ сөйлейді, лауазымды кісілерді сырттай өсекке таңады, бірін қалдырмай қағазға төгілдір. Д.Дос. ~ Ел алдында өсекке таңып, газетке де жазып масқаралады емес пе? М.Сүн. ~ Алмайтын алпауыт қой жанды есепке, Соңынан жансыз қойып, таңды өсекке. Жанына жара салды жапқан жала, Биде де төзім қанша бар десек те. Т.Сәд. *  “Менің жесірлігім жұртқа жүк. Қазақ күйеуден ажырасқан әйелді өсекке таңбай жүре алмайды. Қашан да еркектің тәйтіктігі серілік те, әйелдің жеңілдігі перілік саналады» дейтін ол. Ү.Жәл. * Өле қалғыр, Тайтақай! Бұл не сұмдығың сорлы, елге күлкі, өсекке таң болып?! Тайтақай баж етіп оның бетінен алды: – Немене, намысың келе ме? Ш.Мұрт. * Баяғыда балуанды төңіректеп жүретін қошеметшілердің біразы мұны қазір сырттай өсекке таңып, ғайбат сөз айтқанмен, өздері маңына жуымайды. О.Сәрс. * Ел алдында өсекке таңып, газетке де жазып масқаралады емес пе? Ауылдастары сыртынан топырақ шашып, жерге түкіргеннен өзге не істемеді?  М.Сүнд.

ӨСЕККЕ ТАҢЫЛДЫ

Артынан өсек ерді, жала сөздің нысанына айналды. * … анаған да, мынаған да арсылдап отыратын, малшы-құлшымен өсекке  таңылып жүретін, тау көкірек, мақтаншақ, сиырдай сары қыздың қой аузынан шөп алмас мүп-мүлөйім, нәуетек, науша қыз бола қоюы Күнікейге торғын қағазға ораған сасық сабындай немесе алтын жалатқан мыс сақинадай, алдауыш, бояма болып көрінді, тыржиды, жиренді, тезірек кеткісі келді.  Ж.Айм. * Одан кейін Варвара туған үйінен тіпті кетпей, «кәрі қыз» болып отырып қалады. Ержеткен басы бос әйелде өсекке таңылмайтыны жоғын білеміз. С.Мұқ.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *