Жұрт қатарына қосты, адам қылды, өсіріп-жетілдірді. ~ Кезінде өзін біреу мәпелеп асырап өсіріп, санатқа қосып, адам етсе, ол қамқорлық қақысы айнала беріп өз басына да келді. С.Жүн. ~ Әкеңе қарызым көп еді, – деді отағасы күрсініп. – Жетелеп жүріп жеткізіп, сүйрелеп жүріп санатқа қосты. Сені көрген сайын аруақ алдындағы қарызым есіме түседі де өзімнен өзім қысыламын. Қ.Ысқ. ~ «Жаудың аты – жау. Ол ешқашан дос болмайды, доспын дегенмен, осал кезіңді күтіп, үнемі аңдыйды да жүреді. Сондықтан оны «бар» деп санатқа қосқанша, «жоқ» деп ана жаққа жібере салған жақсы», – деп еді. Б.Нұрж. ~ Әрине, халық үшін төккен тер, еткен еңбек ешқашан ескерілмей қалмақ емес. Жетпіс жыл бойы темір құрсауда іштен тынып, булығып жүрген ел енді міне, өзінің абзал ұлдарына іздеу салып, санатқа қосып, қайта тірілтіп жатыр. С.Ақт.
