1. Үлкен ас, той туралы қалың елге жария етті. (Мұндайда әр ел шамасына қарай сойылатын мал, ішілетін қымыз әкеледі). ~ Бір ұл туды патшаға, жұртқа лайық, Сауын айтып той қылды елге жайып. Жұртына көп жақсылық қылған екен,Той қылды әр жаннан малды сойып. "БС. Бозжігіт". ~ Бел орақтың кезінде, маялық шөп шабу үшін көп қол керек. Шепе оның да ретін тауып, бір семіз түйені сойдырады да, маңайдағы елді үмеге шақырып сауын айтады. Қымызды үмеге келетін ауылдардың өздері әкеледі. «Орданың үмесі» деп, бай немесе ауқатты адамдар сабалаған қымызына ту қой қосады. С.Мұқ. ~ Үш жүзге түгел сауын айтқан Сағынай асына жиналатын күн бүгін. С.Жүн. ~ Қазақ, батырларына үш жүзге сауын айтқызып, халықты алқалы жиынға шақырған да сол ұлы бабаларымыз. БАҚ. 2. Әлді адамдардан әлдебір іске үлес қосуын, көмек беруін сұрады. ~ Онда Қошқаралы Уақболыстың гүрлеп тұрған кезі. Ол жастарды оқытайық, мешіт, медіресе салайық деп, елдегі бетінің ажары бар кісілерге сауын айтты. Б.Алд. ~ Қонақ Таңсыққожаның үйіне түседі. Тойға Таңсыққожа шақырылады. Біреу ас берсе, Таңсыққожаға сауын айтады. З.Шүк. ~ Көкөзек шақта сорпалығы бар қой бүкіл ауданды сауын айтып сандалып іздесең де табылмайды. О.Бөк
