Кесір кездесті. ~ Қазақтың ежелгі ата мекен қонысы Жетісу мен Сырдария бойындағы сан қаласын, сар даласын Жоңғар басып алған, бейбіт қазақ елі босып көшкен атақты «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұламаның» аяғы ақ түтек боран, ақ жорға борасын, сары аяз, қызыл шұнақ үскірік қысқа ұласты. Бүкіл дүние жүзінің айдаһары Сыр бойына жиналып, аузынан қар боратып, ысқырынып жатқандай, қатты боран бірде-бір толастамады. Жау шауып сорлаған елге сопақ астау тап болды. Жығылған үстіне жұдырықтың кері кеп, жеті ағайынды жұт жетті. Арамнан жиналған ас болмайды. Халықты жылатып тартып алған қазақтың қыруар малы, шөп жетпей, мың-мыңдап қырылды… Жоңғарлар бар табысынан айрылды. Ал қазақ елінің бұл жылғы көргенін қағаз бетіне түсіру мүмкін емес еді. Тек сан айқасты басынан кешкен батыр ел бұл апаттан да тегіс қырылмай, әупірімдеп аман қалды. І.Ес.
