Posted in

СҮЙЕК ШАТЫС

1. Қыз алып, қыз беріскен құда, жекжат. ~ Өлеңті өзенінен асқанда, жолдан қосылғандар мен барлығы он шақты арбалы керуен болды. Іштерінде оқу іздеп бара жатқан шәкірт те, сүйек шатыс қуған еркек те, төркін іздеген қатын да, жұмыс, кәсіп іздеген пайдашы да, арзан пұл алып қайтып, елге сатып, мал таппақ болған саудагер де бар. Бәрін айдап бара жатқан – күн көріс қамы. Ж.Айм. ~ "Әйтеуір өзің біле берсеңші, Жұматай, десіп жатыр байғұстар", – деп барлық аудан басшылығын әлі қарым-қатысы үзілмеген құдандалы ескі көз, сүйек шатысындай түсіндіреді. Қасында мүше, хатшы, жәй жігіт болып жүрген тобы бар. Бәрі де бұл жөнде әбден тіс қаққан ептілер. Жұматай әдейі іріктеп алған. М.Әу. ~ Жалғыз өзіміздің үш үй ғана емес, сүйек-шатыс ағайындардың көбі осы кісінің қолына қарайды. Қолдарындағы жүн-жұрқа, тері-терсегін беріп жолын күтеді. С.Бег. 2. Жақын болмаса да, туысқандығы бар; құда-жекжат. ~ Мысалы, Жігітек ішіне, Қарашаның аулына жібергені кәрі кемпір. Сол ауылдағы бір жалғыз үй кірмемен сүйек шатысы бар кемпір екен. М.Әу. ~ Өзі бір Құдай берген бала. Қазақшылық жөнімен ата қуса, сүйек шатыс жиендігі бар. Нағашылап жалбырақтап тұрғаны. Т.Сәу. ~ Баяғыда Текенің базарында танысыпты. Сүйек шатыс болайық деп мені өзіне өкіл бала еткен. Ә.Кек. ~ Бұған тонның ішкі бауындай жақын деген, құдажекжат, сүйек шатыстығы бар екі министр, бір облыс хатшысы тұтқындалды. Т.Сәу.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *