Мағынасыз, дәйексіз, пәтуасыз, судай аққан бос сөз. ~ Бұрын кеудең басылып тұрса да, өзіңді кісі санатында көруші едің. Енді міне. Ешбір есепте жоқсың. Люмпен-пролетариат. Жалғыз сен емес, бүкіл ғылым, әдебиет, өнер қайраткерлері түгел. Бүгінгі заманның тұлғасы – сылдыр Сөз емес, сықыр Ақша. Яғни, қалың кітап емес, жуан қалта. М.Мағ. ~ Қылжақбас ананы бір, мынаны бір сөз етіп, жұрттан бұрын өзі күліп, әбден мезі қылады. Сөзінде — іліп аларлық түйір жоқ, сылдыр сөз. З.Шаш. ~ Сене тұра уәжден жеңілмес үшін: – Ақсақал, туған әкеге тіл тигізуге болмайды. Бірақ жаңа айтқаныңыз құр сылдыр сөздің тізбегі ғой! – деген. – Сен олайша кемітпе, – деді Әріп. Т.Әл. ~ Мұндай «жарапазанды» ести– ести құлақ әбден жауыр болған. Жаттанды, ішінде іліп алары жоқ, сылдыр сөз. Міне, сеніңіз, сенбеңіз мен ол удан құтылудың төте жолын тапқан секілдімін… Қ.Жиен. ~ Қияли қызыл әңгіме, сылдыр сөз… Суретші қауымы бүгінде соның бәріне көнген, көнтері болған. Ә.Асқ.
