Әлдебіреудің (бірдеңенің) екінші біреуге (бірдеңеге) қатты ұқсап тұрғанын меңзейтін тіркес. ~Тура бір қан майданда жүрген жалғыз ұлы Нұртай қайтып келгендей, көңілі босап, көзіне жас оралды. Ш.Мұр. ~ Мен араша түсе ме дегендей апама қарағам, мүлде селт етер емес, қабағын қарс жауып алған, алдында баласы — мен емес, тура бір фашист отырғандай түсін бермейді. С.Мұр.~ Өзі дақпыртына қарағанда нақ бір қора қасқыр сияқты. М.Әу. ~ Ал табиғаттың өзі жасаған сұлулықты қаз–қалпында айту ешкімнің қолынан келмесе керек. Алатаудың мына шоқылары да нақ бір сондай тіл жетпес сұлу. С.Бақ. ~ Далада өскен қазақ баласы, нақа бір кент әйеліне үйленгені болмаса қала тұрмысын бір жөндей қоя ма? Б.Май. ~ Нақа бір сор түртіп тұрмаса жеті қараңғы түнде кімді-кім аңдып жүр дейсің. С.Досан. ~ Аралбай бұны дәп бір құрдастарының бірі істеп кеткендей жайбарақат тұр. М.Алм. ~ Дүркіреген тоста не айтылмады дейсіз, біз дәп бір жастық шағын бірге өткізген «ежелгі достарға» айналдық та шықтық. Қ.Жиен.
