Сол сияқты. ~ Вокзалдағы қоймаға шабаданымды тапсырып, буфетке бардым. Осы жолы бір тойған шығармын. Жұмыртқа мен ет, апельсин шырыны, кофе, тәтті тоқаш, тағысын тағылар. Дж.Сэл. ~ Тағдырды мейлінше бір қарғап-сілегісі келгені соншалық, бұдан арғы жерде ол "он екі әулие", "дөңге қаққан қазық" "Мүфтидің шешесі" тағысын тағыларды түгел сықпырта боқтады. В.Шук. ~ …Айта берсең, табылар Тағысын тағы, тағылар. Жігіттер, осы Шәмілдің Пәлсапасының жаны бар… М.Мақ.
Автор: Админ
ТАЖАЛ БОЛЫП ТИДІ (ЖАЛАҢДАДЫ, ТӨНДІ)
Ажалдай қорқынышты, суық, ызбарлы кейпін танытты, обырдай тиді. ~ Жалғыз жолбарыстың да әкесі нән еді. Тіпті жолбарысқа тажал болып тиген, оның жалпақ табанынан қалған мөрді жазбай танитын, сөйтіп ізге түсіп соғатын Келдібайға да шалдырмаған екен. Б.Қыд. ~ Жан алғыш, тажал болып жалаңдаған, Жабыңқы елдің күйі жаман болған Кездерде Әннің ғана арқасында, Осындай Бірлікпенен аман қалған. К.Шалқ. ~ Қашсам-дағы зілзала заманақыр Тажал болып төнер-ау маған ақыр. «Ей, жалған дүние» деп мысқыл жүзбен Күліп жатқан өлікке қара да тұр! Г.Дәу.
ТАЖАЛДАЙ ТҮСІ СУЫҚ
Түр-сипаты қорқынышты, зәрлі. * Жүрегімнің дүрсілі болғай еді деп, қолын кеудесіне басып еді — тас, тас емес-ау темір, темір емес — ажал шықыр еткендей, құйқа тамыры шымыр етті. Апан көр сияқтанды. Өйткені тажалдай түсі суық, саудыраған үш адам келіп қалды. Ж.Айм.
ТАЗ КЕБІНЕ ТҮСТІ (КЕБІН КИДІ)
Бұрынғы қалпына қайтып оралды; баяғы жағдайына, күйіне түсті. ~ Қараса: лашығында кемпірі отыр, Баяғы жарық астау жырық- жырық. Түсіріп таз кебіне бір-ақ күнде Қойыпты қу қақпасты құдай ұрып. А.Байт. ~ Сырлыбайға қарағандардан қара жұмысқа бірінші кеткен адам Қожамбет еді. Бір ай жүріп қайта оралғанда, бір қап жаңалық алып келді. -Жаманқала жақтан ба, қайдам, аузы түкті кәпірлер келе жатқан көрінеді ғой. Қолына түскен адамның басына таз кебін кигізіп, теріс қаратып шоқындырады екен. Бұл қамал солармен ұрысу үшін салынып жатса керек… З.Шүк. ~ Көзден аққан ыстық жас, Қойынға талай төгілді. Қайта кимесем игі еді, Баяғы таз кебімді. "Батырлар жыры". ~ Жылқы бағуға жарайтындарың қаласыңдар да, қалғаның ауылға келіп, таз кепелеріңді қайта киесіңдер. С.Жүн. ~ Өзенге түскен соң, бұралып баяғы таз кепештерін киеді. М.Мырз.
ТАЗ КЕПЕШ КИДІ
Баяғы жұпыны тірлік әлі оңалар емес; біреулердің көрген қорлығы өзінің де басына түсті д.м. * Бәріміз де қартайғасын сол таз кепешті киеміз… О.Сәрс. * Қысқасы, өзі бай бола тұра, халқы таз кепеш киіп отырған мемлекет — қазынаның қаһарына» ұшыраған. Н.Сам. * Сатушы бір мырс етіп алып: – Бізде парашют сатылмайды! – депті. Соны айтқанда бұл да сықылықтап күлуші еді, енді сол таз кепешті өз басына киіп отыр. Т.Сәук. ~ Жылқы бағуға жарайтындарың қаласыңдар да, қалғаның ауылға келіп, таз кепелеріңді қайта киесіңдер. С.Жүн.
ТАҒДЫР НОҚТАСЫ
Өмір қиыншылығы, мойнына түскен ауыртпашылық, зауал. ~ Тағдырдың ноқтасына басын ұсынған Балуан Шолақ аз жасында көрген өзге зорлық — зомбылығын ұмытуға тырысты және ұмытты да, бірақ, өзгені ұмытқанмен оның жүрегінен жабысып айырылмайтын бір ғана дерт бар. С.Мұқ. * Бірақ басқа бір киілген тағдыр ноқтасынан босану оңай емес екен, Ши- амбының шырмауынан шыға алмай, осы төңіректе қалып қойды. Қ.Жұм.
ТАҒДЫР СОҚҚЫСЫ
Басқа түскен қайғы-қасырет. ~ Гүлжиһан қайғылы ғой, ауыр ғой жас шақта мұндай тағдыр соққысы! Енді не болмақ? Папасы қандай ақыл бермек? Х.Ес. ~ Ахметқали, алғашқы кезде, тағдыр соққысынан мәңгіріп қалған ғой, еңбек кімді адам етпеген, әлі – ақ ширап кетер деп ойлаған. І.Ес. ~ Ақ халат киген қақпақтай жауырынына, сүйекті, ірі бітіміне қарап бұл кісі оңайлықпен тағдыр соққысына мойып, өмірі илікпестей көрінетін. М.Сүн.
ТАҒДЫР ОҒЫ
Басқа түскен ауыртпалық; уайым-қайғыға батырған оқыс кесепат. * Тағдыр оғы, ей, адамды басқа ұрма! Майдан десе ораласың сен еске: ер бейнесі, ал, елесте, елесте! Ж.Нәж. * Жанарымнан ағып түскен бір сәуле, Тағдыр оғы көздегенде көзімнен. Р.Ниязб.
ТАҒАТЫ ТАУСЫЛДЫ
Сабырсызданды, шыдамы бітті. ~ Көптен сарыла күткен өмір қуанышына емін-еркін кенелгенше тағаты таусылып алып-ұшып тұр. Ә.Кек. ~ Түннің бір уағында ғана қалаға жететінін ойлағанда тағаты таусыла тынышсызданып кетті. Ж.Шаш. ~ Енді не болады, мылтық өні шыға ма? Деген хабарды күткен Шөке бастаған топты азаматтың тақаты әбден таусылды. Б.Жұм.
ТАҒАТТАН АЙРЫЛДЫ
Сабырын жоғалтты. ~ Сол кештен соң көп ұзамай басталған құпия кездесулер бозқырау түскенше тыйылмап еді.Екі жастың тілегі бір арнаға құйылып, жүректері бірге соққалы тағаттан айырылған. Ү.Жәл. ~ Мәтнияз бірдеңені ойға алса, қашан бітіргенше тағаттан айрылады. Баяғыда қазақ арасында жалғыз үй қалатын жолы да, Әнетейдің налығанын көре тұрып, тыңдаған жоқ-ты. Қазір де Сыр бойында байласан тұратын емес. З.Шүк. ~ Екі жастың тілегі бір арнаға құйылып, жүректері бірге соққалы тағаттан айырылған. Ү.Жәл.
