Ұшы-қиырына көз жетпейтін кең жазықтық. ~ Қыранымын сары сайран даланың, Қос қанатым – алтын Алтай, Оралым. Еркін дала ардақтысы, еркесі – Бетім қайтпай өскен батыр баламын. М.Жұм. ~ Осы ойлармен ерттеді атын мінгелі, Шөлден безіп, қанды жолға кіргелі, Алаш елі, сары сайран жері үшін, Жапанда емес, жау қолында өлгелі. М.Жұм.
Автор: Админ
САРЫ САҚАЛ, САЛ БӨКСЕ
Жасы ұлғайып, сылбыр тартқан ер адам туралы. * Сары сақал, сал бөксе болған шағында енді қайда барып табан тірейді, қай келіннің қолына қарап кіріптар болмақ? Қу сүйегі саудырап қай қиырда қалар екен!» Ә.Асқ.
САРЫ СӘСКЕ
Тал түс кезі. ~ Айғыр жолдың басындағы аламан сары сәскеде атқа мінгенде төмендегі қос өзеннің қолатындағы анада келген күні оларды бірден қайран қалдырған алабажақ көрініс сол қаз–қалпында қызылды–жасылды құлпырып тұр еді. Ә.Кек. ~ …бет алдынан көз нүктесі ызым–ғайып жоғалып, көз жетпес мігірсіз көкжиек, алжасыл ағаш иықтасып, тұнып өскен қызғалдақ, сары сәске сағымы – перде тұтқанда барып басы кеудесіне домалап қалғып кетіпті. Д.Дос.
САРЫ ТАБАН (САР ТАБАН)
Әбден көніккен, ысылған, әккі. ~ Әр болыстан жиылды бастық адам, Ел билеуші ақылман сары табан. — Бір сыпыра баланы бергеннен соң, — Бермеймін деп ендеше сөз айталық, Берместікке көңілді тоқтаталық. І.Жанс. ~ Қырғыз-қазақ барлығы ақылдасқан, Сол жерде үш дуанның басын құрар. Әр болыстан жиылсын бастық адам, Іс білуші кемеңгер сары табан. І.Жанс. ~ Бұрынғыдан өзгерген өңі мүлде, Көлдей толқып көп ойлар көңілінде. Қансонарда құр қайтты бірінші рет, Сары табан саятшы өмірінде. С.Үс. ~ Қазақтан келген екен қырық ақын, Сар табан жорғасында – бұрынғы ақын. Өлеңмен жұрттың бәрін таңырқатып, Бәрі де мендей емес, жырынды ақын. Кенен.
САРЫ ШҰНАҚ АЯЗ
Бет қаратпайтын ызғарлы суық. ~ Өткен аптада қалың жауған қардың аяғы қаңтардың сары шұнақ аязына айналып, екі бүйірден қысып тұр. Ә.Шәр. ~ 1937 жылдың алғашқы айларындағы сары шұнақ аяз әрнеге үреймен қарайтын қыр елін одан ары бүрістіре түсті. Ж.Шәк. ~ Әлгінде ет қызулықпен сезбепті, үскіріктің ащы зәрі күшейіп, кешкілікке қарай сары шұнақ аяздың құтырына түскен түрі бар. С.Мұр.
САРЫҒЫ БАСЫЛДЫ
Құмары қанды, шері тарқады. ~ Бірақ, бәрібір тұтас көлді сарқыса да сарығы басылып, кенезесі кепкеннен, дүлей шөлден арылар түрі жоқ. Е.Зейіп. ~ Шаңырақтан үйдің ішіне күн сәулесі шашырай түсті. Қымыз ішушілердің сарығы басыла бергенде жұнттай ақ сары бас қойды жетелеп кірген Мұқатай табалдырықтан аттады да, көлденең тартып тұра қалды. Қ.Тол.
САРЫҚ БАСТЫ
Құмарынан шықты. ~ Сен өзің қалай, тартпайды екенсің осы! Шылым деген құр сарық басу ғана емес, сол сарық басудың шырайы мен шырқы ғой бір. Л.Тол. ~ Көк шалғын, көк орайлы, әсем гүлді, Бір теңіз шалқып жатқан көлге келген. Су жұтып, сарық басып отырғанда, Бір балық жақындапты шоршып көлден. БС "Кезбе шал".
САРЫП ҚЫЛДЫ
Барын сарқа пайдаланды, жұмсады. ~ Бұл – құдайдан тілеген емес. Бұл – абыройын, арын сатып, адам жаулағандық, тіленшілік. Хош, сүйтіп жүріп-ақ мал таптың, байыдың. Сол малды сарып қылып, ғылым табу керек. Өзің таба алмасаң, балаң тапсын. Абай. ~ Бұл бұйрықты Хабалов та, Белецкий де орындамайын демейді. Бар ақылын, бар күшін сарып қылады, бірақ әлдері келмейді. С.Мұқ. ~ Таңданады сол тойға халық тұрып (қызық думан көрген бе жалықтырып!), жарқылдасып жүреді ағаларым жиған-терген дүниені сарып қылып! Ф.Оңғ.
САСЫҒАН ЕТКЕ БОРСЫҒАН МАЙ
Әр нәрсенің (әркімнің) өзіне лайығы бар д.м. ~ Мен сіздің сол указнай молдаңыз Сұрқожаңызбен сөйлестім. Керек болса сол өзі айтып отырған араб дін ғылымынан түк хабары жоқ. Қарасын да жете танып, дұрыс оқи алмайды. «Ағама жеңгем сай, сасыған етке борсыған май», ана Әбен сияқты надан болысқа, өзі сияқты қорқау надан серік керек. С.Бег.
САСЫҚ (АШ) КҮЗЕНДЕЙ ШАҚЫЛДАДЫ
Айқайға басты, өршелене салғыласты, шаптығып, шабаланды. Шаптығып бет бақтырмады, шабаланды. ~ Міне, бұл енді қазір қылыш асынып алған. Қолында қағаз. Сасық күзенше шақылдап, зекіп, кекетіп, большевиктерді қатарлап жатыр. С.Сей. ~ Тау арасы бейне бір бос күбідей күңгірлеген, сасық күзендей шақылдаған, сұмпайы күлкілерге толып кетті. І.Ес. ~ Қадалған жерінен қан алар шақар еді. Шеке тамыры шоттиып, қып-қызыл боп сасық күзенше шақ-шақ етті. С.Елу. ~ Татар тілмаш аш күзенше шақылдайды. С.Смат. ~ Сасық күзен секілді шақылдама, Сенен бұрын туғанмын, тіліңді тарт. Шөже.
