Posted in

ТОЯТ ТАПТЫ

Құмарынан шықты. ~ Қырмызы қызыл түлкі түгінің ертең қалай жығыларын ойламады, шабытты бүркіт тоят тапқанша шеңгелін босатпады. Ж.Нәж. ~ Алдында, бір сайдың тасасында, ынтық кеуденің тоят табар жерінде, сүйген асығы күтіп тұр. Ол – Бекбол. О.Сәрс. ~ Жеңешесі – Салиханың аш белінен қыса, құшырлана қорыс ішінде тоят тапқанын қалайынша, қалайынша есінен шығарсын-ау!… Ш.Құм.

Posted in

ТОРҚАЛЫ ТОЙ, ТОПЫРАҚТЫ ӨЛІМ

Ағайынның басын біріктіретін кейде қуанышты, кейде қайғылы жағдайлар. * Төке шалдың әділетсіздігі ауылда біраз сөз болды. Әкеміз де көпке дейін өкпелеп жүрді. Торқалы той, топырақты өлімде бәрін ұмытатын қазақ емеспіз бе? Ы.Дәб. * … осындай торқалы той, топырақты өлімде ағайынның төбесін көрсетіп, дұшпан көз болып, берекелілігін әйгілейтін орайы болғандықтан, бұндайда ‹‹қол сынса жең ішінде, бас жарылса бөрік ішінде›› дегендей сырт елге өкпе назының сиысын білдірмеуге тырысатын әдет қой. Б.Жұм. * Жалпақ елде не көп – торқалы той, топырақты өлім көп, ондайда қазақтың кең дастарқаны кісі алалай ма, ит екеш итке дейін сүйек тиіп қарық болып қалады. Т.Сәу.

Posted in

ТОРСАҢ ЕТТІ

Кілт қырсығып, тыртыңдап, оғаш мінез танытты. ~ Сұлужан! Қой! Үйіңе бар! — деп ысырылып орнынан тұрды бір мезгідде Сырға бәйбіше. Болыскей кереуетке төсек салуға кірісті. — Бармаймын. Барғым да келмейді, — деп Хансұлу тағы да торсаң етті. С.Ел. ~ — Жеңеше ақы берейін, осы әңгімені доғарайықшы, — деп торсаң етті. — Әуелі оқуымды бітіріп алайын да. З.Жек.

Posted in

ТОРСЫҚТАЙ ТЫРСИҒАН

Тым семіз, қарны қампиған. ~ Онда да сол тиіп-қашып, Бақанды қытықтап бағады: — Торсықтай тырсиған, шикіөкпе еркектен сақтасын де. Ө, несі-ей, мұқым күбінгені… М.Сүн.

Posted in

ТОРТАСЫН АЙЫРҒАН МАЙДАЙ

Тап-таза, тартымды д.м. * Рас, Таңатар Құдайдай сыйлаған замандасы Омарға обал жасағысы келген жоқ, тортасын айырған майдай толықсыған Рахия қыр соңынан қалмаған соң, еркектің намысына тиісе берген соң, Омардың әкесі Кенжеге кеткен әкесінің кегін ала алмаған соң адалдықтың ала жібін аттағаны рас. О.Бөк.

Posted in

ТОРҒА ТҮСТІ

Еркінен айрылды, құлдыққа түсті. ~ Бір Шымшық торға түсті соры қайнап, Барды ма, кім біледі, ажал айдап. Бәлені қаза менен қайда деме, Ғаріп боп, отыр сорлы көзі жайнап. Жанына жас Көгершін ұшып келді: «Не қара басты торға түсіп? — деді. А.Байт. ~ Қорбаңбай Торға түсті – сор қандай! Ажалменен алыстан қылжаңдасаң қылжаңда, Қорқынышты ол қасыңа кеп тұрғанда. Еш өлгісі келмей, Аю толғанды-ай. А.Асылб.

Posted in

ТОРҒАЙ БАСТАНДЫ

Сынып, бөлшектеніп, ыдырап кету туралы.(?) ~ Қаламды шықырлатып, қайта- қайта маламын… келмейді. Жер ошаққа аяғын тығып алған боташа қаламымды сілке түсемін… Әлі түк жоқ. Ерсілі- қарсылы уқалап жын соққан торғай бастандырып, шашымды да дудыраттым. О да түкке сеп болмады. Ж.Айм. ~ Арпа ұнынан пісірілген бұл нан тұрып қалған нан емес-ті. Оны бүгін пісіріп қойсаң да үш-төрт сағатта-ақ ағаштай қатып қалады. Керісінше жүгері наны басы зорға бірігіп піседі де, бас бармақ тырнағындай болып, торғай бастанып бөлініп, сынып түседі. Б.Қыд.