Ағынан жарылды, көп нәрседен хабар берді, ештеңені жасырмады, көп әңгіме айтты. * Ұзақ жолдың қалай қысқарғанын білмей де қалдым. Ол маған жаны ашып қамқорымды соғып, талай сыр ашты. Н.Сер. * Сонау қырық бесінші жылдан бері Қазанғап пен Едігенің жолы бір түсті де, екеуі талай-талай сыр ақтарған. * Оның үстіне осы жолы қалада болған сапарында бұрыннан өзіне жақсылық көрсетіп, жең ұшынан жалғасып жүретін ұлығы, сатылып келген дос болса да, марқамат періштесіндей болып, Жарасбайды оңашаға алып, бір талай сыр айтып, ақыл берген. М.Әу.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТАҚЫМЫ ТОЛМАДЫ
Көңілі толмады; риза болмады. * Біраздан бері осы үйге келгіштеп жүр, не ойы барын айтпайды, әзіргісі құр әзіл… (Күрсініп.) Кім білсін, кедейдің қатыны деп тақымы толмай жүрмесе… Б.Майл. * Құмарым қанбай қойды бір, тақымым толмай, Құмарбек шапқан ертоқым жұртта қалғасын. Д.Кәп. ~ Кешегі жан баласына тақымы толмайтын Дәуітбайларың қазір қалай жүр? – Қара жігіт тағы да төңірегіне қарады. – Бетегеден биік, жусаннан аласа болған жоқ па? Қай ауылнайдың әлі келіп еді соларға? Т.Әбд. ~ Бұл әр рудың басты адамдарына қолайлы. Сондықтан олар енді біріктіруден гөрі бытыратуға құмар. Әрине, әр рудан шыққан алуан-алуан қол бастар батыр, топ жарар шешен бар, бірақ бар рудың тақымы толар, ақылы мен ерлігіне бас ұрар бірде-бір көсемі жоқ. Қала берді, әр жүздің бас иер батыры да жоқ. І.Ес.
ТАҚЫМЫНЫҢ ТЕРІ КЕППЕДІ
Дамыл көрмеді. * Түлкі бұлаң тарихтың нешеме бұрылысында ел азаттығы үшін талай тарланның тақымының тері кеппеді. Е.Тоғж. * Азаттық қазақтың ежелгі арманы еді. Түлкі бұлаң тарихтың нешеме бұрылысында ел азаттығы үшін талай тарланның тақымындағы тер кеппеді. Ат үстінде өткен ғасырлар көп болды. А. Ибр.
ТАҚЫМЫН АШТЫРМАДЫ
Жүргізбей қойды, тізгін бермеді, басып озды. ~ «Ойбай, Байшуақтың біз менсінбей жүрген жаман сары байталы Тастайдың атақты Қарасының тақымын аштырмай, бұғалықтап ұстапты». К.Сег.
ТАҚЫМЫҢДА ҚАРТАЙСЫН
Көлігіңнің қызығы ұзағынан болсын д.м. тілек. ~ Бейне бір саржұлдыз өзін келіп тарпа бас салатындай. Күн шыға көзі ілініп кетті. Бір заманда барып сырттағы даңғырлаған дауыстан оянып кетті. Асығыс сыртқа қарай беттеді. Аулада Жаныстың құрбы- құрдастары толып жүр. — Атың ат екен! — Жүрісті болсын! — Міністі болсын! — Тақымыңда қартайсын! — Басын өзің мүжі… Қ.Мүб.
ТАҚЫМЫН БҰРАДЫ
Қинап, тергеді. ~ Күмән қылатын кісіңіз бар ма? – Болғанмен, тақымын бұрауға қауқарым жоқ… Жалғыз мен емес, барлық елге аян. Қ.Тол.
ТАҚЫР ЖЕРГЕ ҚАРАП ОТЫР
Жоқтыққа ұшырап, күнін әзер кқріп отыр. ~ Анау әке атастырған қыз қандай екен? Әй, ол кәдуілгі салпы етек ауыл қызы ғой. Біздің тақыр жерге қарап отырған әкейді тең көріп, кім кәмелетке келген саңлақ қызын келіндікке ұйғарды дейсің. С.Бег.
ТАҚЫМЫН ЖАЗДЫ
Атқа еркін отырып, шаба жөнелді. ~ Сәті түскенде, сирек те болса олардың бойын қыздыру үшін ерттеп мініп, ұлан–ғайыр албардың ішінде тақымын жазады. А.См. ~ Сонан соң, тақымын жазып алғысы келгендей, олай-бұлай шапқылап қыр көрсетті. А.Сей. ~ Кейін қарай сырғи түсіп бір жамбастап тақымын жазды. Жайдақ мінген биенің пышақтың қырындай арқасынан жайсыз орын жоқ шығар. С.См.
ТАҚЫР ЖЕРГЕ ОТЫРҒЫЗДЫ
Алдап кетті, жер қаптырды; сан соқтырды. ~ Сыртқа шығып, вокзалдың айналасын адақтап оралды,буфетке де бас сұқты — зым-зия: "Көкке ұшып кетті ме, жерге кіріп кетті ме?.. Жарайды, бұ жолы Санчо Пансо мені тақыр жерге отырғызып кетті. Ә.Тар. ~ Аспан да, жер де у- шу, арғымақ елдің өзін дәріптеп, көкке көтеріп жатқанын сезді, көптің көзін арбай түскісі келіп, аяғын билеп басты, жаңа ғана өзін тақыр жерге отырғызып кете жаздаған биік көкті көргенде, одан әрі құлпырды. А.Смай. Түгін қалдырмай тонап кетті, барынан айырып, аш қалдырды, жерге қаратып кетті. ~ Лау, алым-салық,сойыс, талан-тараж елдің жағасын жығып, әсіресе Жетісудың қара керей, садыр, матай елдерін тақыр жерге отырғызып кетті. І.Жанс. ~ Кешікпей соғыс басталып кетті. Ауылымыз майданның астында болды. Ел таланды. Үрікті. Шошыды. Ақтың шығыны елді тақыр жерге отырғызды. І.Жанс. * Жылмиған Сағынғали Әліпқалиды онша жазалаған жоқ. Қолына жинаған біраз нар түйелерін, жас боталарын малының төлеміне алып, жетім үйді тақыр жерге отырғызған. С.Жүн. Онсыз да жүдеу ауылды тақыр жерге отырғызады ғой бұл күйімен. К.Қаз.
ТАҚЫМЫН ҚЫСТЫ
Тақымымен тебініп, атқа шүу-шүуледі. ~ Қара барқын түнде баран мінген жалғыз салт атты көлігін пысық аяңдатып, ауыл шетіне жақындай бере «Жеттім бе, жетпедім бе?» дегендей алдыға қарай еміне ұмсынып, онсыз да жүрісінен көңілін қалдырып көрмеген пырағына тақымын қыса түсті. К.Сег. ~ Чернов тақымын қыса түсті. Тек разъезден ұзап шыққасын ғана ат басын тартты. Ә.Нұрп. ~ Жауынбай қиыстай тартып бүлкілдете жөнелгенде, торушы адам құйғыта шауып, бүйірден қосылды. Жауынбай да Күреңтөбелге тақым қысты. Кәнігі күрең атылған жебедей бір — ақ ырғыды. С.См. Жанкүйер болды. ~ Аңғарғаныңыздай, арқасы қозып тұратын біздің Сары бүгін "Өнер барысында" "Көкжал"мен "Қыран" үшін тақым қысты. БАҚ ("ӘЖ") ~ — Алыста жүрсең де асылдың сынығы — арысымызсың. «Жалғыз баласы атқа шапса, шешесі үйінде отырып тақымын қысады» демекші, сыртыңнан атақ- абыройыңды естіп, тілеулес боп отырмыз. Сені нағашы жұртында қақпай көріп, бірдеңеден тарығып жүр демеймін. Қ.Жұм. Қорқып, жым болды. ~ Кезі келгенде қандай бәлеге болса да шыдайтыныңды бір көрсетсең, бар жауыңжымдай болып тақымын қысады. Әйтпесе емен де, семен де басынып, оңай қоржын қылып алады. М.Әу.
