Posted in

ТАБЫТ ҚАҚТЫ

Біреудің өлгенін тіледі. ~ " Табыт қағу" деген дінбасылар мен діндар халық арасында зор сұмдық саналатын. Ол–өлім тілеу, кім болса да тың біреудің өлімін тілеу. М.Әу. ~ Халыққа пәле, қаза шақырған кім? Оған куәлар бар. Тірі куә, өлі куә болады. Ең алдымен мынау мешіттің астында тұрған үш табыт куә! Осы оба фәләкәті келерден бұрын "адам өлмеді", "жаназа болмады", "фидия, садақаға тойымсыз терең қалтам толмады" – деп табыт қаққан кісілер бар. М.Әу. ~ Солардың қара тілегі бүгін халық басына мұншалық зор апатты, соншалық көп өлімді әкеліп отыр! Кімдер сол табытты қаққандар! Қай күні, қай кеште, қай намаздан кейін табыт қақты?1 Оны мен ғана емес, хазірет, менен басқа да сіз иланатын, инабатты бес адам көрген. М.Әу.

Posted in

ТАБАНЫНДА ЖАТТЫ

Құлдыққа түсті. ~ Қап бәлем, қас екенін білмедім ғой, Сен қолды жан деп көзге ілмедім ғой. Тарпысам табанымда жатар едің, Арам без, адалымды күндедің ғой. М.Әу. ~ Елдің жартысы жаудың боданында, жердің жартысы жаудың табанында жатқанда ауыз біріктіріп, аруақ қоздырар тізгін ұстау неге керек болмасын! Ә.Кек. ~ Қойбағардың жөні бөлек қой. Ол тұста кісінің табанында жатқан ез жұрттың әңгімесіне кім құлақ ассын, ал қазір қазақтың ойраттың тепкісіне оңай көне салатын осал жұрт емесін орыстар да көріп, біліп жатқан шығар. Ә.Кек. ~ …мына жарлылардың алдында беделі мен құрметінен жұрдай болған; ол бидлдің биік тұғырынан түпсіз тұңғиыққа құлап, көкдолы әйелдің табанында жататын күйеуге айналды. Ч.Дик.

Posted in

ТАБЫТТАЙ ТЫНЫШТЫҚ

Жым-жырт үнсіздік, өлі тыныштық. * Басында оқыс бір ой оралды да, Өмірбек сескеніп қалды: табыттай тыныштық пен қараңғылық басып тұрған мына үлкен үй кімге құтты мекен болған? С.Шайм. ~ Бір сәт табыттай ауыр тыныш-тық орнады. Әзірейілдің алып көлеңкесі көз жетер жерді басып қалғандай болған осы тығырық-тан Ерүміт алып шықты. А.Әк.

Posted in

ТАБАНЫНЫҢ АСТЫНА САЛДЫ

Құлдыққа түсірді. ~ Менің басы таз, балтыры қотыр ұлым бар, Қаракөз аруды сол балама қос. Ал мен дұшпаныңды байлап- матап, табаныңның астына салып берейін. А.Сей. ~ Қазақ ұлты тарихта тағдыр талайын аз көрмеген халық. Жер шарының жартысын табанының астына салған дүбірлі дәуірімен бірге халқының үштен екісін жоғалтып, өз жерінде жалпы халықтың 24 пайызын ғана құраған, зиялысымен бірге ер азаматтарынан мүлде айырылып қалудың аз алдында қалған, соған қарамастан ұлттық намысын, салт-дәстүрін, діні мен тілін, ұлттық болмысын ғана емес, мемлекеттігі мен жерінің тұтастығын сақтап қалған қайсар да жауынгер, кемел де кемеңгер халық. Б.Әділб. "Ел" ~ Ғұн мен сақ, үйсін мен қаңлы, түркі, керей бабаларының кермиық далалары мен кербез таулары бұл күнде көшпенділердің өзара талас қонысы бола тұра түптеп келгенде бәрібір басқыншы шүршіттердің табанының астында жатқанымен дүние-кезек, бұл отаршылдыққа да бір зауал келер деп ойлаған. К.Бек. ("Жас алаш")

Posted in

ТАҒАЛЫ АТ ТАЙҒАНДАЙ (ТАЙЫП ЖЫҒЫЛҒАНДАЙ)

Жап-жалтыр, тұқыл жоқ, тұлдыр жоқ. ~ Зиялы қайраткерлерімізді бір-біріне қар-сы қойып, қаралағаннан онсыз да қы-рық пышақ болып, қырық руға бөлуге даяр тұрған бейдауа көңілдің абыройы артпайды. Шетінен тағалы ат тайғандай, бір жерде білгір, бір жерде міңгір тарихшысымақтарға «асыра айтсаңдар да, асыға айтпаңдар» дер едім. А.Құс. ~ Иегінен тағалы ат тайып жығылғандай дегеннен сақал- мұртынан жұрдай, көсе дегенді ұғынамыз. Мұнда да мағына тұтастығының бірлігін айқын байқаймыз. Қ.Сәр. ~ … қылтанақ шығып көрмеген қасқа иегінен тағалы ат тайып жығылғандай. Ғ.Мүс.

Posted in

ТАБАНЫНЫҢ БҮРІ БАР

Рухты, жігерлі, жүректі адам туралы. ~ Бұл мысалдан түйгеніміз «әмеңгерліктің жөні осы екен» -деп көрінгенге қоспау керек жесірді. Жесір мен жетімді жылатпай қамқор бола алатын, табанының бүрі бар ер-азаматқа аманаттау ләзім-дүр. Ж.Шал. ~ Үшқоңырға ту тіккен Бекболат Әшекеев жайлы не білеміз? Халық қиналғанда қаһарманын табады. Табанының бүрі, жүрегінің түгі бар рухы берік, ел намысын қорғай білген жан ғана ту ұстап, жанын шүберекке түйіп, қол бастайды. Н.Қап. * Ипекеңді бәріміз білеміз, пәленбай жыл қызметтеспіз. Табанының біраз бүрі барлау жігіт. Ғ.Қаб. * Бекарыстанның түйеге құм теңдеткені сондықтан. Табанының бүрі бар, жас түйелер болмаса, кәрі інгендерге қауіп, мұзда тайып жығылады. З.Шүк.

Posted in

ТАҒАЛЫ ТАЙ ТАСТАМАДЫ (ҚАЛДЫРМАДЫ)

Түк қалдырмай тонап кетті. ~ «…Тәукеге сәлем де, Тобықтының бір жүректі баласы еді. Керейдің қорлығы өтті. Жақында Сарытоғалақтың тағалы тайын тастамай шауып кетті. Тобықтыдан тудым десе Тәуке осы кекті бір қайырып берсін!»—депті. І.Жанс. ~ Аулына тастамаспын тағалы тай, Жылқы алсам найза қағып көңілім жай. Жіберсе Ақмолаға жер аударып, Өз оғы Тобықтының өзіне май. І.Жанс. ~ Әбділдә (Төлешке). Не қылдыңдар, қарағым, жылқы ала алдыңдар ма? Төлеш. Алмақ түгіл, тағалы тайын қалдырғанымыз жоқ. Желісін қиып, құлындарына шейін алып келдік. М.Әу.

Posted in

ТАБАНЫНЫҢ БҮРІ ЖОҚ

Сөзі мен ісінде тұрақ жоқ, жылпос адам туралы. * Табанының бүрі жоқ берекесіз қызталақ, сөйтіп, азын-аулақ ьақ- дәулеттің басына су құйып бітірген. О.Сәрс. * «Табанының бүрі жоқ сужықпас еді, бірігіп асап, тағы біреудің обалына қалып жүрген шығар. Не болса о болсын, ол да адам ғой». Қ.Түм. * Иә, ауысып кетті. Орнына Георгий Федорович Марченко деген кісі келді. Онымен үш ай істес болдым. Табанының бүрі жоқ, тайғанақ, жалтақ кісі екен. Ә.Нұрш. ~ Арыстың жағасындағы шайқас әлі аяқталған жоқ, өмір бойына жалғасып келеді. Есейе келе олардың қатарына тоғышарлар мен тойымсыздар, табанының бүрі жоқ алаяқтар қосылды. А.Уай.

Posted in

ТАБАНЫНЫҢ ІЗІ ҚАЛДЫ

Өнегелі істері елдің есінде қалды. ~ Ұлы Жібек жолының бойындағы жеті кенттің бірі Алматы арғы тарихын айтпағанда, бертінде Кенесарының өзі келіп шатыр тіккен, Ахаңдардың, Жақаңдардың табанының ізі қалған, ұлттың байырғы интеллигенциясының Отаны, киелі, қасиетті жер. Демек, киемен ойнай беру ешкімге опа бермесе керек. Қ.Сәр. ~ Өзағаңның Торғай облысының мәдениетін қалай көтергені ел ішінде аңызға айналды. Торғай облысының Амангелді, Жангелді аудандарын жиі араладым. Өзағаның табанының ізі қалған, рухының табы лаулаған жерлерде көп жүрдім. Марат, Жанай атты бажаларым Өзекеңді ауыздарынан тастамайтын.О.Қау.

Posted in

ТАБАНЫҢДЫ ЖАЛТЫРАТ

Құры, жоғал. ~ Бойковқа ашулы көзін қадады. — Айтқанымыз айтқан, осы істің, арты насырға шаппай тұрғанда, табаныңды жалтырат, Бойков. С.Ом. ~ Енді көп мыжыма. Алды-артыңды абайлап сөйлемесең табаныңды жалтыратып, ертең осы уақта Ақкөл шекарасының рғы жағында тұрасың!.. Ш.Рах.