Зекіп, тиып тастады. * Кісі әңгімесінің ұлы ырғағын осылайша ұққан Сүйінғара сөз аяғына шыдап отыра алмады.- Сонда олардікі не уағыз? Не деп жүр өздері?Сүйінғараның сұқтана, сұғына қараған жүзіне қонақ жалт бұрылды. Сөзін шорт тоқтатты. М.Әбдіх.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ШӨЛ ҚЫСТЫ
Қатты сусады. * – Е,– деді Аққұмнан келген Түйе ата үш бандыны көріп отырғандай бұрышқа қаһарлана қарап. Оянып кетіпті. Шөл қысып отырғандай ернін жалап қойды. М.Қаб. * – Операциядан соң алғаш есім кіре бастағанда сенің даусыңды естідім. Осылай күйініп жүргендеріңді сезгем. Шөл қысқаны да рас. Т.Жұрт. * Қанбайтын бір шөл қысып, қаңсыған қалпы қала береді. Қаталап зарық қысқан ондағы күйін итке берсін! С.Нұғ.
ШОРТ ТЫЙДЫ
~ Жапа-тармағай жүгіретін дəрежеге жеткенімізде күлкіні əкеміз шорт тыйды: көп күлкіден тыю үшін көк қауынды шорт шектеді. Қ.Шабд. ~ Шуылдасқан дабырды хан шорт тыйды. — Аздырма жұртты! Араңдатпа, батыр! Қуат барады. Басқа сөзім жоқ. С.См. ~ Павка Корчагин ортамызда жүр екен ғой… – Күлкісін шорт тыйды да, арс етіп жекіді. – Ляуқи неме, қоғамға мал керек болғанда, адам керек жоқ па?! О.Бөк.
ШОҚТЫҒЫ КӨТЕРІЛДІ
Абыройы асты, күні туды. ~ Сол ерлер айдаудан құтылып, аман-есен келгендей болса Боқаңның шоқтығы көтеріліп, бет алды томсырайып жүрген мына жаман інілері кімнің-кім екенін айырып білер еді-ау! Б.Майл.
ШОЛАН ҰРДЫ
Ұрыс алаңында не басқа жерде еркінси, масаттана жүру туралы. * Кедейдің таңы атты. Елді колхоздастырдық. Оның да өз қызығы болды. Қудай жайқап, дарияда шолан ұрып жүргенімде Ұлтуған өлді. Б.Қыд. * Қу далада майданда шолан ұрған батырдай жалғыз жосылтып келемін. Міне, Жиренайғыр өзені. Б.Қыд. * Шығар деп арыстаным ойлап едім, майданның ортасында шолан ұрғам. Қамбар батыр.
ШОҚТЫҒЫНА ЖАРМАСТЫ (ТАЛАСТЫ)
~ Десе де Мұхтарға еліктеу жаман емес-ау, бірақ Мұхтардың деңгейіндей биік өреге жеткізіп, иін қандырып, әлемдік әдебиеттің шоқтығына жармаса алды ма, жоқ па, ол жағына жеңіл кесім айта алмаймыз. Ж.Шәк. ~ Демек, бұдан жаңаны жатырқама, көнені көзге ілмей қой ма, көнені жаңа үшін, жаңаны көне үшін қызмет еттір, әдебиеттің биік шоқтығына таласа алатын, халықтың да қажетін қанағаттандыра алатын ортақ ойлы шығарма жаз деген сөз келіп шықпай ма? Ж.Шәк.
ШОЛПЫ ТАРТТЫ
* Еру кезде ел жақсы, шеру кезде көлік жақсы. Көлікті көш, көрікті көш. Малсыз ел шолпы тартып қалып еді. Өйткені бұрын қазақ көшінде жаяу-жалпылы адамды кездестірмейтінсің. Б.Қыд. * Бақытын еңбегінен күтетін, шолпы тартқан көңілдерін бар қадарынша сергек, жоғары ұстағысы келетін тебіз жігіт. Б.Қыд. * Жын шақырған шайқы-пұрқыдай бақырып-шақырып қалың топтың алды екшеліп келіп-ақ қалыпты. Шолпы тартқан көңіл қанша бойды сақыт ұстамақ болса да қараңға бастай беріпті. Б.Қыд.
ШОҚТЫҒЫНА ҚОЛ ЖУЫТПАДЫ
Мойындамады, жақындатпады. ~ Сонда Жауқашты тұрып: «Жарайды, үлкен ел үлкендігін істеп, шоқтығына қол жуытпай отыр. Бірақ соңғы тілегім бар. Жылқымның құлын кезінде таңдайында бармақтай қалы бар еді. Сол болса, сәйгүлік менікі, әйтпесе ат-тон айыбын өзім тартайын», — дейді. Т.Әбд.
ШОҢАЙНА БОЛЫП ЖАБЫСТЫ
* Жатқан жерінде жайратып тастасам ба екен?… Онда нағыз қылмыскер боламын…Ана жылғы Айбаршаның өлімі қанша уақыт шоңайна болып жабысты? Б.Тоғ.
ШОҚША САҚАЛ
~ Шоқша сақал шомбал қара қолындағы қамшысын тастай беріп: — Жоғары шығыңыз, — дегенде, күпісін айналдыра киген жалақ шұбар ыржия күліп жіберді. Іштеме болмағандай екеуі бірден жайраң қағады. Бірінікі шын, бірінікі күлгір жайраң екенін қонақ сезіп отыр. Олар қонақты көп уәкілдің бірі ғой деп отыр. Ғ.Мұст.~ … буылтықтанған шадыр саусақтарымен сауысқан құйрығындай ұзын, бурылдап қылау шалған шоқша сақалын салалады. Ғ.Біләл. * Төлес Әлмақан дуадақтайтеңкиіп, көпшікті шынтақтап жатыр. Қасында малдасын құрып отырған шоқшасақалды, тұйғындай Қуаңға ұзыннан ұзақ бір әңгімені сабақтап, айтады. Б.Алд. * Шоқша сақалын саусақтарымен тарамдап тұрған Әбіл шал сақманшыға қарады. А.Сатаев.
