Posted in

СІЛІМТІГІ ҚАЛДЫ

Құр сүлдесі қалды. ~ Ауылдағы ағайын тоқымдай жерді игере алмай, сілімтігі қалған техника іске жарамай, не жекешеге жер ала алмай, пұшайман халде жүргенде, қаладан келген байекесі бір колхозды асырайтындай сыбаға алып, сықиып жүрген кезі еді ғой. Ш.Мұр. ~ Бірақ ашынып бастаған сөзін тоқтатпай, ойын айта берді. – Егер үлкен көмек келмесе, біз шепті ұстап тұра алмаймыз. Қазір полктың сілімтігі ғана қалды. Неміс шабуылы үдеп барады. Т.Ахт.

Posted in

СІЗ-БІЗ ДЕСІП, ШЫЖ-БЫЖ ЖЕСІП

Тату-тәтті қарым-қатынастар туралы. * Онымен қоймай, есіктен аттап кіруге именген малшы-жалшыларымен отағасы ежелден «сіз-біз десіп, шыж-быж жесіп» жүрген адамдардай тең сөйлесіп, оларға тым жайдары қабақ, жайсаң пейіл танытып отырды. К.Сег.

Posted in

СІЛІМТІГІ ШЫҚТЫ

Күл-паршасы шықты, түгі қалмады. ~ Бұл үйдің снарядтан әбден сілімтігі шыққан, тіпті подвалдың да бір мүйісі опырылған. Т.Ахт. ~ Оған ешкім үндемеді. Егер, бәлен деп оның жынына тисең, алып соғып ойнаған болып, сілімтігің шыққанша астына салып илектейді. Өзі қатарлас түгілі талай ересектердің Амантайға жүрегі дауалай бермейді. З.Төл.

Posted in

СІЗГЕ ӨТІРІК, МАҒАН ШЫН

Сенең де, сенбесең де д.м. * Сізге өтірік, маған шын — оған классикалық шығармалар да бұйым емес, ал джазға келгенде аруақтанып алады. "Төбені дүрліктірген биді" салғанда аузыңды ашып, көзіңді жұмасың. Дж. Сэл.

Posted in

СІЛІМТІГІН СҮЙРЕТТІ

Құр сүлдесі қалды, арып-азды. ~ Қазақ даласына тараған ең үлкен індет – сонау атам заманнан бері сілімтігін сүйретіп, осы күні өлексесі қалған домалақ арыз. Ә.Кек.

Posted in

СІЛБЕДЕН СІРГЕ ҚИДЫРДЫ

Ерекше ептілік, асқан шеберлік, жойқын пәрменділік хақында. ~ Жантай қан болып жүргенде, Туғанын түйедей көтеріп, Дұшпанын қара қойдай бөктерген, Кешпей суды толқытқан, Шаппай жауды қорқытқан. Қан Жантайдың ерлігі Қан Жантайды сұрасаң, Сілбеден сірге қидырған, Шелектеп қымыз құйдырған, Сыңсыма көйлек ақ тамақ, Жолда неке қидырған. А.Байт. ("Алтай тәті")

Posted in

СІЛКІП САЛАР СЫРМАҒЫ (КӨРПЕ-ЖАСТЫҒЫ) ЖОҚ

Сіңірі шыққан кедей. ~ Ал, «құттыхананың» сырты түгіл, іші тозуында да қисап жоқ, сырты жалба-жұлба, қара құрым бұл үйдің кереге-уықтарының да тозығы жетіп, алқам-салқам болған, үй содан жыл сайын кішірейе келіп, ақырында күркеге айналған. «Сілкіп салар сырмағы жоқ» дегендей, бұл күркеде жасау-жиһаз деген жоқ. С.Мұқ. ~ Мынау аз аталы Малдыкөлдің ішінде сілкіп салар сырмағы, шек деп қайырар лағы жоқ сіңірі шыққан кедей Дарханның әкесі еді. О. Бөк. ~ Үш қанат және киіздері соншама ескірген. Сондай-ақ, жалпы жұрттың тұрмыс күйі де тым төмен. Қай шаңырақта да сілкіп салар көрпе-жастық болмайды. Кешегі жаппай ашаршылықта қырылғаннан соңғы, түгел тозғындаған жұрт, бұдан кейінгі бесалты жылда ес жиып үлгермеген, жарлы-жалбағай, кембағал күйде қала берген. М.Мағ.

Posted in

СИЫРДАЙ МҮЙІЗДЕСТІ

Шекісті; қырқысты. ~ Өзара қыр-қыс-ты, түртпектесті деген мәнде қол-данылады. Мүйіздескен сиырдай, Байласаң бас жіп жетер ме? Еңбегін еш, тұзың сор, Қайратың селге кетер ме. БС.

Posted in

СІЛБУ ІЗ

Ілбиген, көмескі із. * Неге бүйтті? Оны өзі білген жоқ; бар білгені – соңына салған мына сілбу іздің қимылынан сөлекет бірдеңе сезе ме, қалай? Ә.Нұрп. ~ Айнала төңіректе көзге ілінер қарайған жоқ. Тек соңында шұбалаңдаған сілбу із әне бір тұста әлденеге ширығып, әрі-бері адыраңдаса да, ақырында о да сүлдері құрып, әлсіреп, аяғының астына жығылыпты. Ә.Нұрп. ~ Өмірден шаршаған адамның сүйретіп басқан сілбу ізі басқа емес, бұныкі… Және бұның өзін паш етіп тұр. Ізі – өзінен, өзі – ізінен аумайды. Ә.Нұрп.

Posted in

СИЫРДЫҢ БҮЙРЕГІНДЕЙ БЫТЫРАДЫ (БӨЛШЕКТЕНДІ, БӨЛЕКТЕНДІ)

Жөн-жосықсыз, тоз-тоз болып, жан-жаққа тарап кетті; батары қосылмады, беркесі кетті. ~ Бұл шашыранды қуат қанша күшейгенмен, еш уақытта тұтаса алмайды, сондықтан жағдайы келген бір замандарда, (ондай жағдайдың тумауы мүмкін емес), қазақша айтқанда Англия «сиырдың бүйрегіндей бытырап кете барады, ал Россия, жылқының бүйрегіндей тұтастығынан танбайды. С.Мұқ. ~ Адам атаулының мінезі жүдә бірдей емес — түзуі де, шәлкесі де бар; іскері де, жалқау да бар; елгезегі де, шаба да бар; солардың бәрін жинақы ұстамасаң, жүдә сиырдың бүйрегіндей бытыратып аласың; ендеше, елдің ақысын жеме, бірақ тәртіпті қатаң ұста» дедім. С.Мұқ. ~ Суырдайын күн кешіп әркім ойлап өз басын, Тұлпарларды тұқыртып, тұғырлары озғасын, Бүйрегіндей сиырдың бөлшектенген бұл қазақ, Құмалақтай бытырап, қалай ғана тозбасын. М.Мақ. ~ Ошақтың үш бұтындай үшкіл, қазақ, Ел болып еңсе көтер, күш қыл, қазақ. Сиырдың бүйрегіндей бытырасаң, Қашанда көрер күнің мүшкіл, қазақ! Н,Айт. ~ «Өскеменнің пәлен жылын тойлаймыз» деген сөз әр он жыл сайын бір шығады. Осы әңгіменің шеті шықса болды, берекесі айрандай ұйып отырған қала жұрты сиырдың бүйрегіндей бөлектеніп шыға келеді. БАҚ.