Posted in

МҰРНЫН ТЕСКЕН ӨГІЗДЕЙ (ТОРПАҚТАЙ)

Жетекке көнгіш, момын; біреудің айтқанымен жүретін адам туралы. ~ Шаруадан басқаны білмейтін жуас күйеу, көк айыл әйеліне қарсы ештеме айта алмай, мұрнын тескен өгіздей жетегіне еріп жүре береді. С.Жүн. ~ ~ Елді өгіздей өрге сүйреп,өркенін өсіретін де, еңіске тартып, еңсесін түсіретін де басшы деп біледі ол. С.Ақт. Ө.Кәр. ~ Сосын бұйдаланған тайлақтай көш соңынан далақтайсың, немесе мұрнын тескен өгiздей өндiршегiң үзiлгенше темпеңдеумен күн кешесiң. Т.Әлж. ~ — Тәйірі, күйеуінің жамандығы да мұрнын тескен өгіз құсап… Т.Әбд.

Posted in

МҰРНЫН КӨККЕ КӨТЕРДІ

Менменсіді; өзін артық санады; тәккаппарланды, паңсыды. * «Көзіме күні бойы көрінбеп ең, Келесің, сөйле, — дейді, — сен қай жақтан?» Сонда бұл мұрнын көкке көтереді, Адамсып, маңызданып, жөтеледі: «Жер жыртып күні бойын, шаршап келем, Мазалап, сұрап саған не керегі?» А.Байт. * Кейбіреу көтереді мұрнын көкке, Өз әлдін өзі білген адам көп пе? А.Байт. * Көтерген мұрнын көкке кейбір залым, Болмайды-ақ Иесіне онда наным. Қосылып тәкаппарға, үйлеспейді, Заббани бас кетсе де, болған ғалым. М.Ж.Көп.

Posted in

МҰРНЫН БЕТ ҚЫЛДЫ

Ұрып-соқты, қан жалатты. ~ Оның қайын жұрты дегеніңіз қайырыла бір жұдырық сілтесе Боранқұл тұрмақ, әкесі Әнбияның мұрнын бет қылатын зордың зоры. Ғ.Біл. ~ Ақымақ, аяғанды білмейді! — деді Абдірақман ішін ұстап, ауырықсынып тұрып.— Қуып жетіп, мұрнын бет қылып жіберсем көшені басына көтереді. Үйде оны бәрі қорғап ұрғызбайды. Ғ.Мұст. ~ Сен өзің біреумен бақталас болсаң өлтірер ме едің? — Өлтірмегенмен мұрнын бет қылуға болады ғой. Н.Сер.

Posted in

МҰРНЫМЕН КӨК ТІРЕДІ (КӨККЕ ҚАРАДЫ)

Маңғазданды, паңсыды. * — Қалай жайдың, мен айтқандай ма? Көкөзек аман ба?— деп, дігірлей жөнелді. Осқырынып жанасқан желке шашы өсіңкі жігіттің иегінің астынан біреу періп қалғандай кегжең етіп, мұрнымен көк тірей қалды. Танауынан иегіне әлсін-әлі жел жіберіп, керенау сөйледІ … М.Қаб. ~ Қайсыбірін ұйытарсың жырыңмен. Бір әйел тұр дайындалып ұрысқа, Бір көкем түр көкке қарап мұрнымен. Айналдырған жалғыз өмір ол-дағы. М.Рай.

Posted in

МҰРНЫМДЫ КЕСІП БЕРЕЙІН

Сөзінің шындығын дәлелдеу үшін айтылатын тіркес. ~ Демесін. Бір жағында Орынбай, бір жағында Досан… Тегіңді ұрайын, Зәуре де отырған шығар кенеліп. Әбді. Ана Әліш адам болса, мұрнымды кесіп берейін. Б.Майл. ~ Соқыр болса, Ербол екеуiң атсын деп күндiз келер едi. Жаясының майы тап бiр елi шықпаса, мұрнымды кесiп берейiн. Сондай арқар алжи ма екен? Одан да, Бәшейдiң қанды аузы жатса да, тұрса да бiр арқар болғанын қимағаннан айтып тұрмын десеңшi! – дедi. М.Әу.

Posted in

МҰРНЫ ҚАНАҒАНША

Барлық күші сарқылғанша, әл-қуатынан айрылғанша д.м. ~ Өзінің қыңыр қылығына өкініп, сең боп қатқан ұяты ол да жібіді білем, Бақытжан мұрны қанағанша дедектеп жұмыс істеді. О.Бөк. ~ «Өлімнен қорықпаймыз», – деп жігерленеміз, көсегемізде жоқты көсеумен қамшылап, мұрнымыз қанағанша алға ұмтыламыз. О.Бөк. ~ Адам үнемі бір нәрсені ойлап, алда тұрған қыруар ісін тәмамдағанша асығады, мұрны қанағанша алға ұмтылады, ал сол көксеген биігіне шығып, ойлаған мақсаты орындалған соң көңіл шіркін ортайып, тасуы қайтқан судай таязып қалары несі… О.Бөк.

Posted in

МҰРАТЫНА ЖЕТТІ (ЖЕТЕ АЛМАДЫ)

Діттеген мақсатына, арманына қол жеткізді (жеткізе алмады). ~ Бағзы бір заманда, бұдан бес, он, жиырма ғасыр бұрын жасап өткен, кеудесі көтеріңкі, мерейі үстем болған, еркін ғұмыр кешіп, бар мұратына жеткен әлдебір бабамның жойқын жорықтан соң ұзағынан ұйықтап кеткен әлденендей сәтінде көрген түсі шығармын деп. М.Мағ. ~ Қобыланды жауларын жеңіп, мұратына жеткеннен кейін Қарлығаны ұмытып кетеді. Т.Әс. ~ Батырдың көп мұратына жете алмай, жас күнінде қуаты қайнап, долданып өлгендігінен моласы тұрған биіктің бауырынан боран, ызғар айықпайтын болған екен … М.Әу. ~ Ол Моцарттың данышпандығын жылап отырып мойындаған адам. Сөйтіп жүріп данышпанды у беріп өлтірсе де — одан аса алмады, мұратына жете алмай, өмірі қорлық, күйзеліспен өтті. Ш.Айт.

Posted in

МҰРАТ ТҰТТЫ

Алдына мақсат етіп қойды. ~ Не бітірдім? Не тындырдым? Нендей мақсатым бар? Нені мұрат тұттым тірлікте, тұрлаусыз, тұрақсыз тірлікте?» С.Сағ. ~ Әлде әркім өз ауыл – аймағынан әлдебір ақын, не батыр шығаруды мұрат тұтып, аты қотанынан аспаған қайсы біреулерді қопақардай ғып көтермелеп жатқан қазіргі әншісымақтардың бірі емес пе екен? С.Ақт. ~ Алған білімдерміз де ыңғайлас, ұшқан ұямыз бір, мұрат тұтқан арман-үміт ортақ болып еді. Қадірлеп, қастерлеген идеяларымыз да бірыңғай. С.Иман.

Posted in

МҰҢЫН ШЕРТТІ

Қайғысын айтты. ~ Қазiр Әйгерiм өзi де әндегi сөздi бiр дыбысын бұлжытпастан анық етiп, әрбiр азғантай нақысын да бар жанын салып, жеткiзе айтады. Ән емес, бұл сәтте ол, арманын, назды мұңын шертедi. М.Әу. ~ Жол қысқартуға да жақсы екен, боздаған қоңыр үні көңілдің мұңын шерткендей жалғыз жолаушыны жетелейді де отырады. Қ.Ысқ.