Posted in

СҮЛІКШЕ ЖАБЫСТЫ (ҚАДАЛДЫ)

Жармасып, жібермей қойды. ~ Тек күндіз әйелі, қайсы бірде профессор келгенде сүлікше жабысқан ойлардан бір сәт айрылғандай болады. Т.Әбд. ~ Қақалып-шашалып жатқанына қарар емес, мұрны шуылдап, қара терге түссін, емшекке сүліктей жабысып қатты да қалды. Әбден жағы талғанда бір-ақ тоқтаған. Т.Сәу~ Бағанадан бері сүлікше қадалған бір ойын айтып қалғысы келіп: ― Ғазиза көшсек қайтеді? – деді. Б.Тоғ.

Posted in

СҮРЕҢІ ҚАШТЫ (КЕТТІ)

Сәні кетті, өңі бұзылды, күшінен айрылды. ~ Сүреңі қашқан сұрғылт әлемде өңшең бір сұрғылт түсті аруақтарды аса жойқын дырау күш сенделтіп тентіретіп жібергендей. Ғ.Біл. ~ Шетелдік әріптестермен тілдескенде түйгеніміз, сүреңі қашқан Сирияның бүгінде суығы сейілген. БАҚ. ~ Мынау сол көлгірсуден құралған құрақ-құрақ жайдақ дүние. Сұрқы қашқан, сүреңі кеткен… С.Жет. ~ Рейд барысында көргеніміздей, аллеядағы егілген көшеттер мен гүлдердің сүреңі кетіп, қурап жатыр. БАҚ.

Posted in

СҮЛКІНІ ТҮСТІ

Ұнжырғасы түсті. ~ – Қайдан жүрсің? Сүлкіні түсіп, жығасы жығылып, өңі сұрланып алған боздақ ұлының сопақша жүзінде үрей елесі бар еді. Қорлық көрген, шошып үркінген жанның кеспірі. Ғ.Біл. ~ Үйден жүгіре шыққан Балдан біраздан кейін сүлкіні түсіп, қайта оралған соң, Қотырақ ағам аттанып кетіпті. С.Тәукей.

Posted in

СҮРІКТІ МЕЗГІЛІ (МЕРЗІМ, КҮН, САҒАТ)

Ажалы келген сәт, маңдайына жазылған уақыт. ~ Әй, Досы, неге отырсың қалам тартпай, Бұ дүние өтер бастан шапқан аттай. Сүрікті мезгілді күн жеткеннен соң, Аллаға тапсырарсың аманаттай. Барында дәуреніңнің ойнап-күліп, Хикаят сөз қалдыршы кәрі-жасқа-ай. БС "Дариға қыз." ~ Есітіп бұл хабарды желікті ел, Шақырған соң сүрікті күні тойға кел деп. Дәмелі ат қтrіаlы жаратпаған, «Келмесең де ұлы жолдың бойында өл» деп. БС. "Ақбөпе". ~ … мына жұрттың басына түскен шарасыздық саған да түсіп ішіңнен тынып: "ажал шіркіннің түсі қандай суық",– деп көзіңді басқа жаққа бұрып әкеттің; сүрікті сағаты жеткенде бұл пәледен кім қашып құтылған… Ә.Нұрп.

Posted in

СҮМБІДЕЙ СҰЛУ

Асқан көрікті, ерекше сұлу. * Шағылып шұғлалы жарқын нұрға, Құлақта қақты діріл алтын сырға. Өкпесін Ақтабанның тепкіледі, Шаншылып ақ сүмбідей сұлу тұлға. Т.Әл. * Қыз салалы аппақ қолымен қадағаштан қара атты шешіп ала беріп, шылбырды икемді, биязы қимылмен ердің қасына салды. Сүмбідей сұлу қара атты бұлаң еткізіп, Мақсұттың алдына қарай көлденең тартып бұра берген. Ж.Ахм.

Posted in

СҮРІНГЕНДЕ СҮЙЕУ (БОЛДЫ)

Қате басқан кездерде қолдау көрсетті. * Бұдан жастау кезімде мән бермеуші едім, енді-енді аңғарсам, қысылғанда қол ұшын беретін, сүрінгенде сүйеу болатын аға да керек екен. Б.Тоғ.

Posted in

СҮМЕҢ (СҮМЕҢ-СҮМЕҢ) ЕТТІ

Сүмірейіп, о жер-бұ жерден бой көрсетіпі, тентіреді, сандалды. ~ Келесі күні әлгі «сынағыш» досы кабинетіне сүмең етіп кіріп келе жатты. Ж.Әлм. ~ Оларды таныды жұрт бөксесінен,— Бір шаруа тепті түңғыш өкшесімен, Кешегі батырсынған баскесерлер Быт-шыт боп, етті бүгін сүмең-сүмең. Қ.Аманж. ~ Алпамсадай тұлғасы арыған нар қазақтың жанында тапал бойлы құстұмсық бұйрабас жігіт інгенге қосақталған тайлақтай сүмең-сүмең етеді. С.Сағ.

Posted in

СҮМЕҢ ҚАҚТЫ

Құты қашып, сүмірейіп, біреуге жалпаңдап, телмеңдеп, жанын бақты. ~ Топ ажарын байқалық Кімдер бар да, кімдер жоқ Қуаныш топ, еркін топ, Би, болысты сайлауға Сүмең қағып жүрген жоқ. Сақалдары сапсиып, Қарындары шартиып Мөр ұстаған билер жоқ. І.Жанс. ~ Күн ұзын ел қыдырып сүмең қағып, Өтірік пен өсекке судай ағып, Екі табақ ет жесең, еліресің, Жерден алтын тапқандай масаттанып. Ә.Тәң. ~ Февраль — құз қалды шөгіп сел жолында, Қас дағдыр қасарысты ел жолында. Сол құзға шықты өрмелеп буржуазия Уақыттың сүмең қағып ең соңында. Қ.Аманж.~ Арсылдаған ит анау Кімге тілін салмады? Кімді қауіп алмады? Ал мен болсам… Кісіге де, Малға да Сүмең қағып жүргенім, Ынжықтығым бұл менің. С.Баяз.

Posted in

СҮРКІЛ САЛДЫ

Қудалады, басқан ізін аңдыды, қыр соңынан қалмай қуғын салды. ~ Көрінбейтін көз нүктеге қадала–қадала… құрбылары жүгіре жосып сүркіл салған доп қуудан қалады, көрікті қызға хат жазылмайды, аштан–аш, жападан–жалғыз сірескеннен–сіресіп отырып күнді батырады. Д.Дос. ~ Жер басқаннан бері қыр соңынан қалмаған екі аяқтылардың талайын көрген. Жақыннан да, алыстан да. Соңына сүркіл салып қуғынға түсіргені, құзға қамап құрдымға құлатқаны еміс-еміс түйсігінде. Сол бітіспес жан алғыш- пен бетпе-бет келіп тұрғаны бір бұл емес. Ө.Кәр. ~ Жүрісі шұғыл. Соңынан сүркіл салып қаныпезер қарақшы қуып келе жатқандай, жанары шоқ болып жанып, танауы делдиіп өкпесі өшіп барып–келіп тұр. Д.Дос. ~ Қоңыз ұшақтағылар дүрбілі мылтықпен сүркіл сала оқ атып, әуелі бөлтіріктерін, сосын қаншығын қарауылға алды. Д.Дос.