Мәселені ұзаққа созбай, әр нәрсені сылтау қылып, кейін ысыра бермей уақытында шешіп беру туралы. ~ Партияның не мәселеге де айқын, анық кесіммен келіп, сөз бұйдаға салмай тез, әділ шешетін, бойын жасырмай, биікте бар мінез-құлқымен құлпырып тұратын ескі көз кадрларының орны ерекше бөлек екенін біраз уәлі ауыздан естіп еді. М.Қаб. ~ Әкімнің дене бітімі төртбақ, қимыл- қозғалысы ширақ. Сөзге де шешен. Қолдан келетін мәселені сөз бұйдаға салмай тез шешеді. Қ.Жиен.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
СӨЗ ҚАҒЫСТЫ
Салғыласты, сөз жарыстырды. ~ Біз Сақышпен амандасып, бір-екі ауыз сөз қағыстық. Қыздың аузынан «шүкір» дегеннен басқа лебіз шықпады. С.Ом. ~ Ұрсысып, сөз қағыстырып әдет қылмаған басым, Бақтыгерейдің удай ащы сөзін естігенде қайнап кеттім… Б.Тоғ. ~ Менің қадірлі екенімді, сыйлы орынға жатқанымды көргенде жігіттер біріне-бірі жымындай қарасып, сөз қағысып отырды. М.Әбдіх.
СӨЗ БҰЛДАДЫ
Айтқан сөзіне құн дәметті, сөзін міндетсінді, сөзін сатты. ~ Мақтап өлең айтпаған нәрсе алуға Ғажайып хикмәттің кілтін ашқан. Бұлардан басқа ақын көп сөз бұлдаған, бергенді мақтап, сараңды жамандаған. М.Дул. ~ Түк те саспастан отырып, анық жайды ұғындыра сөйледі. – Шатақ сол, мынау Көкеннің Уағы мен қырық руы құралып алып, егеске шығыпты. Арасында қаладағы ұлыққа арыз айтқыш, сөзін бұлдағыш Серке деген бір пысығы бар дейді. М.Әу. ~ Саудагер бар шықпай жүрген шайтаны, Бітті әкімнің талтаңы мен тойтаңы. Жылтыр сөзін, жылтың сөзін бұлдаған Күнәсы ауыр пенделердің сойқаны. Б.Раис. ~ Рас, Байсұлтан бұл жасына дейін біреуге сөз сатып, сөз бұлдатып көрмеген жан еді, амалың таусылса ондай кіріптарлыққа да баруға мәжбүр болады екенсің… Ә.Асқ.
СӨЗ ҚАДІРІН БІЛЕДІ
Жөн сөзге құлақ асып, бағалай білу, оның терең мән-мағынасына бойлай алу хақында. ~ Айыпқа бұйырмаң. Әке– ешелеріңе сәлем айтың. Байқап отырмын, сөз қадірін білетін бала сияқтысыңдар. О.Көш. ~ Алайда өлеңге дендеп енгенде мұның да сөз қадірін білетін жырынды жігіттің тамаша айласы, шебер жасалған иллюзия екенін көресіз. Ә.Тал. ~ «Өнердің ең алды – сөз өнері деп саналады. «Өнер алды – қызыл тіл» деген қазақ мақалы бар. Мұны қазақ сөз қадірін білгендіктен айтқан», – дейді тағы да сол дана. Ж.Шәк. ~ Қазақ халқының шешендігі ме, білмеймін, әйтеуір бізден бұрынғылар алқақотан отыра қалған қауым болсын, немесе екі ақсақал әңгіме-дүкен бастаса ауыздарынан қазіргі біздердей емес, ауыздарынан аталы сөз әңгімелер ақтарыла тасып төгіліп жататын, шіркін, сөз қадірін білген қайран бабаларым-ай. Р.Кар. ~ Бірақ мына керенаукердең заманда сөз қадірін білетін жандардың көрер көзге түгесіліп бара жатқанынан қорқасың. Б.Әдет.
СӨЗ ДАРЫМАДЫ
Айтқан сөзден нәтиже болмады, түйсігіне жетпеді. ~ Көлбай басын төмен салып, атының шашасына қараған кісі сияқтанып келе жатып, екі танауы ақырын желбір етті де: — Жота дейім, әшейін… Тегі іргені аулақ салған-мақұл дегенім ғой! — деді. Талпаққа ол сөз дарымады. М.Әу. ~ "Абайға айтқан сөз дарымаса да, саған айтылған ақыл сөз, үлкен сөзі далада қала алмайды" деп отырып, Байшораның, кедейдің қызы екені де, қолы жеткені де айтылған. М.Әу. ~ Олар оқып, сауат ашып алса, өзімізге сор деген қисынсымақ бос былшыл! Оқымаған қас наданға сөз дарымайды. Ә.Кек. ~ Алайда, қайсар Нұрбай дегенінен қайтпапты. Қызын қайтарудан бас тартып, сөз дарытпапты. Б.Мом.
СӨЗ ҚАДІРІН КЕТІРДІ
Арзан өлең, бәтуасыз бос сөзбен сөз өнерінің құдыретін төмендетті. ~ Қобыз бен домбыра алып топта сарнап, Мақтау өлең айтыпты әркімге арнап. Әр елден өлеңменен қайыр тілеп, Кетірген сөз қадірін жұртты шарлап. Абай.
СӨЗ АТАСЫ ӨЛЕДІ
Сөздің қасиет-құны кетеді, мән-мағынасы жойылады. ~ Бірте-бірте екпіндетіп, сөзінің аяғы өз-өзінен ұйқасып, қалай өлеңге айналып кеткенін өзі де сезген жоқ. Тас түйілген жұдырығын аспандата сермеп: – Осындайда айтпаған Сөз атасы өледі. Бабалардың дабысы, Дүлдүлдердің шабысы Құлағыма келеді. Жасығың неткен көп еді, Асылың неткен кем еді. Т.Сәу. ~ Менің халқым деп хан, патша ғана айтса жарасар болар. Онда да сол алдиярыңыз алдымен өз халқына қалтқысыз қызмет етсін! Әйтпесе, айттың не, айтпадың не! Сөз атасын өлтіруге ешкімнің де хақысы жоқ. И.Сап.
СӨЗ АЯҒЫ ЖЕРГЕ ТИДІ
Бәтуаға келді. ~ Ақырында пароход компаниясы жігіттердің айтқанын қылмауға лажы қалмай, амалсыз жүктің мың пұтына сексен сом беретін болды. Столовой, пәтер беруді бай «ойланайын» — деді. Сөз аяғы жерге тиіп, байға дегенін істеткен соң Орлов бастатқан екі артель келіп жұмысқа түсті. І.Жанс.
СӨЗ АЯҒЫ ТАМАМ БОЛДЫ (БАСЫЛДЫ)
Әңгіме бітті, сөз доғарылды. ~ Әзірше сөз аяғы болсын тамам, Осындай үркін-қорқын өткен заман. Санақтың қырық алтыншы жыл күзі бопты, Қағазда Сейітқаннан аз сөз қалған. БС. "Үркін — Қорқын". ~ Осымен сөз аяғы болсын тамам, Жазуға бұдан артық болмай шамам. Бір мұра арт жағымда қалу үшін Қиссаны жазды осылай Құрбан ағаң. БС. "Кезбе шал". ~ Сабыр ет, балам, сөз тыңда, Батамды саған берейін. Сөз аяғы басылсын, Содан кейін барарсың, Болсын құтты мерейің. "Қыз Жібек".
СӨЗ АЯҒЫН (СОҢЫН) ЖҰТЫП ҚОЙДЫ
Айтар ойын түгел айтпай, тежеліп қалды. ~ Қайтейін, қасірет жұтқан лақсаның күйігінен шыққан лақпа да. — Сардар аға сөз аяғын жұтып қойды. Расымен жылап отыр ма?— Қайбір жетіскеннен… М.Қаб. ~ Вася атай жақсы адам. Мінезі тік болса да өте әділ. Кейде… — сөзінің соңын жұтып қойды. С.См.
