Posted in

СӘЛ (ЕНДІ) БОЛМАҒАНДА

Аз кешіккенде. ~ Сандықтың іші тым тар болғандықтан, бойымдағы бар қасиеттен, күштен айырылдым. Күн көзін көрмегендіктен, соқыр бола жаздадым. Енді болмағанда, аштан да өлер едім, – деп, үшеуіне де тиіспейді. "Қ.Ертегілері". ~ Енді болмағанда бригадирге қоңырау шалуға сәл-ақ қалған. Бері бұрылған қоңыр қорапты мәшинені көргенде уһ деп бір дем алды. Дереу қақпаны аңқитып ашып тастады. Қ.Жиен.

Posted in

СӘМБІ ТАЛДАЙ

Талдырмаш келген әдемі мүсін. ~ Сонау жиырма бесінші жылғы шыбықтай жіңішке, бұралған он сегіз — он тоғыз жасар Оляны есіме түсірдім. Сәмбі талдай еді-ау ол кезде. Оймақ аузы, қан шиедей еріні, кеше маған қарақаттай болып көрініп кеткен қой көзі бір түрлі сүйкімді көрінетін. Б.Қыд. ~ Бұл шешейдің жапырағы жайқалған келіншек те, Жапекеңнің сәмбі талдай солқылдаған жігіт шағында басталған әзіл болу керек, ащы-тұщы ғұмыр кешіп, ұлын ұясына, қызын қиясына қондырған ата мен апа арасындағы тату-тәтті ынтымақтың бір белгісі. М.Қаб.

Posted in

СӘЛ ДЕ БОЛСА

Аз да болса. ~ Кандидаттығын 25 жаста, докторлығын 30 жаста қорғапты. Уақытқа сәл де болса белгі қалсын деп кітап жазыпты. Д.Дос. ~ Осылай күніге жарты қорап темекіні түгеседі, бұл жағымсыз иістен сәл де болса қашуға сеп болады деп есептейді. Ж.Шам.

Posted in

СӘЛ НӘРСЕГЕ

Жоқтан өзгеге. ~Әшейінде сәл нәрсеге жылап жібергіш әйел -дердің дымы шықпай қалған-ды. Сол ес таптырмаған бойда екі арбаны жетектеп бір шетке әкетті… Ж.Ахм. ~ Ортасында сорайып өскен сасырдан су мылтық жасап, бірін-бірі сумен атқылады. Сәл нәрсеге мәз, риясыз шаттанып күліседі. Т.Сәу. ~ …сен көз айырмай қанша аңдысаң да, бірақ әлгі сұғанақ ұры жанар енді қайтып көрінбепті; есесіне бұл тыныштықтан айырылды; сезікті көңіл секем алғыш; сәл нәрсеге күдіктенеді. Ә.Нұрп.

Posted in

СӘЛДЕ САЛДЫ

Молдалықпен айналысты. ~ Мырылдады азандай, Сәлде салды қазандай, Тасбиқ алды қолына. Тап сопыдай сүмиді, Тап молдадай мүлиді, Кірді тәубе жолына. Кіргені оның қалайша? Кіргені оның былайша: Қазан сәлде қаңқиды. Таңырай мұрты таңқиды, Қос құлағы салпиды, Бір момын боп маңқиды. М.Жұм. ~ Сәлде салған мынау кім бастарына, Ақсақалдар ұсынбай ма жастарына. Қартайғанда, қыз іздеп, не қылады, Кәрінің қыз бара ма қастарына? М.Ж.Көп. ~ Ақ сәлде салып, ақ киім киген әулиенің атақ-даңқы тез-ақ тарайды. Суқараңғы соқырды құлан таза жазып, ақсақты құлындай ойнатып жібереді екен деп жұрт аңыз ғып айта бастайды. С.Ақт.

Posted in

СӘЛЕМ АЙТ

Сәлемімді, сөзімді жеткіз д.м. ~ Ханыша тұрды сөйлеп би мен бекке: «Баласы Ұлы жүздің, разымын, Түспедің бірің ара бұл тентекке! Сәлем айт Әлімқұлдай датқа-бекке! Болмаған арашашы мұндай итке. І.Жанс. ~ Ертеңгі елге біздің отбасымыздың кешірмесі тамаша бір тәлім болар, — деп бір тынды да, — Бикенге сәлем айт, — деп Бөкеден бетін бұрып кетті. Б.Жұм. ~ Ежелгі тәртібімді бұзбайын да, Өлең жаздым, Алматы, Сіз жайында. Сәлем айт терек-ұлға, қыз-қайыңға! Әр көшеңіз — әуен ғой әлеуметтік, Сіз Бас шумақ болғанда, біз — Қайырма. Е.Аш.

Posted in

СӘЛЕМ АЙТТЫ

Біреулер арқылы базынасын білдірді, бұйымтайын айтты, тілегін жеткізді. ~ Дәрменнен сәлем айтып,Сәмен, Сейіт сияқты Затонның Абайды жақын дос көретін бір топ кедейлері де, грузчик жұмыскері де келіп кетті. М.Әу. ~ Қалай, қабырғаңмен кеңестің бе? Құда тағы сәлем айтыпты. Жақ ашпадым. Ұртына жамау түскен бәтеңкемнің ұшымен жер сызғаладым. Н.Сер. ~ Бұл әңгімені естіген мен «онда маған басқа жерден үй соғып берсін» деп біреулерден сәлем айтып едім, құлақ аспады. Қ.Түм. Амандығын жеткізді. ~ Не жазыпты?— деді Әділбек, басын жоғары көтерместен өз ісімен болып. —Амандық… Бәріңе сәлем айтыпты,— дей салды ағасы босаң үнмен. Х.Ес.

Posted in

СӘЛЕМ БЕРУГЕ ЖАРАМАЙДЫ (ЖАРАМАДЫ)

Татымайды, теңі емес д.м. ~ Тау жақтағы бұрын саяжай болған үй екен. Екі қабатты демесең, көзге қораш, ортақол бизнесменнің коттеджіне сәлем беруге жарамайтындай. Т.Сәу. ~ Кісі басқан ізін білдірмей солай да жүреді екен-ау! Жазған хаттарыңда жолығуға тым асыққан адам сияқты көрінетінсің. Қасыма келіп тұрып сәлем беруге жарамағаныңа таңмын! Р.Рай.

Posted in

СЕРТ БЕРДІ (ЕТТІ)

Сөз байласты, ант берді. ~ Ол қыздың айтқандарымен келісті. Бір-біріне серт берді. Д.Рам. ~ Мұнан кейінгі айтқан сөзімнің біреуі жалған болса, сақалымның ағына тапсырыңдар да, тыңдай беріңдер. — Серт бермесеңіз де сенеміз, айта беріңіз,— дедім. Ә.Әб. ~ Әуел бастағы арманым — өзің едің ғой! Әкел қолыңды! Мен де сенің жолыңда құрбан болуға серт етемін! Б.Тоғ.