Posted in

ОҢТАЙЛЫ СӘТ

Қолайлы жағдай. * Алдына келсе тістеп, артына келсе қос аяқтап теуіп шырайнала аласұрған тарпаңды бір оңтайлы сәтте

құйрығынан шап беріп табанымен жер тірей шалқалағанда айғыр тырп ете алмай шоңқайып отырып қалды, жігіттің екі аяғы

тізесіне дейін топыраққа кіріп кетті. Т.Сәук. * Біздің космостық станцияларымыз орбитаға ұзақ уақыт жүре алатын

объектілерге айналғаннан бері-ақ ормантөстіктер кездесу сәті жақындағанын түсінген де, бұл кездесуге мұрындық болуды

көздеген. Олар мұқият дайындық жүргізіп, оңтайлы сәтті күткен. Ш.Айт. * Мәңгүрт ұл атайын десе күннің соңғы сәулесі

көзіне шағылысып, енді ол оңтайлы сәтті күтіп отыр еді. Ш.Айт.

Posted in

ОҢТАЙЛЫ АТТАЙ

Дайын тұрғандай. * Толып жатқан есіктің қайсысына кірерін білмей аңырып тұрғанда, бір есіктен оңтайлы аттай даяршы жігіт шыға келіп, сәлем беріп қонақүйге бастады. Ж.Айм.

Posted in

ОҢҚАЙ КӨЛІК

Рөлі оң жақта орналасқан жеңіл машина. ~ Егер «оңқай» көліктер жол ережесін бұзса, көлік құралын иесінен тартып алады. Бұндай тәжірибе – Израильде, Тәжікстанда, Балтық жағалауы елдерінде қолданылады. БАҚ.

Posted in

ОҢҚАЙ АСЫҚТАЙ ОҢТАЙЛЫ

Епті; не нәрсеге де ыңғайы бар; пысық. * Өрікайдардың бұған жамағайындығы бар. Қайсы бір заманда аталары қандай жазықтары болғанын, қырғыздан ауып келіп осы ауылға сіңіпті. Соны бетке ұстап Өрікайдар Қалдыбайды айналдырады. Сондағысы: «Келін шаруаға оңқай асықтай оңтайлы көрінеді. Маған келсін де, ыңғайлы жұмыс бар». Н.Дәутай.

Posted in

ОҢҚАЙ АСЫҚТАЙ (АСЫҚША)

Ыңғайы бар, епті. ~ Шәйлi сөзге қандай ұста болса, ән-күйге де оңқай асықтай, қатарласынан озық өнерпаз екенiн танытқан. К.Сег. . * Мұны көріп қалған жалғыз үйдің иесі Торғын да, оңқай асықтай қолға ыңғайлы адам екен, құрақ ұшып жүріп жәрдем көрсеткен. А.Сейд. * Менің қандай жұмысқа болса да оңқай асықтай оңтайлығыма ұстазым қатты риза болды. Ө.Тұрм. * Әсіресе аңшылық, саятшылыққа қатысты әрекетке оң иығын беріп, оңқай асықша үйіріліп тұрғаны. А.Сейд. ~ Әншейінде қарқарадай көретін партком жездесінің өзі оңқай асықтай елпілдеп, құрақ ұшып жүгіргені – келген қонақтың биік дәрежесін айғақтағандай болған. Ә.Асқ.

Posted in

ОҢҚА АСЫҚТАЙ ҮЙІРІП ӘКЕТТІ

Әлдебір істің ебін тауып, үйіріп әкетті. ~ Жымысқы сығыр ондайдың есебін оңқа асықтай–ақ үйіріп әкетер–ау»,– деп қояды ішінен ауданда тұратын екі ұл, бір қызы бар әке. Ә.Кек.

Posted in

ОҢҚА-ШОҢҚА БОЛДЫ (ҚҰЛАДЫ, ДОМАЛАДЫ, АУДАРЫЛДЫ)

Тоңқалаң асты; омақаса құлады; домалап кетті. * Оппа қарға малтығып екі-үш рет оңқа-шоңқа құлап та алдым. С.Мұр. * Жосасыз қыраттан құлаған қыз оңқа-шоңқа болып, қарға көмілген қалпы сай бойына бірақ түскен. Дән. Ахмет. * … бағанадан селкілдеп тұрған қабырға ішке қарай жапырыла құлап түсті, үстінде тұрған мен де оңқа-шоңқа болдым, бір көрімі, мен үстінен құладым, тек аяғым ғана бастырылды. С.Мұр. * Жұмсақ сабанның үстінде ойнау қандай рақат! Оңқа-шоңқа домалап жатсаң да еш жерің ауырмайды. С.Мұр. ~ Әлгiден кейiн-ақ бiр жамбасына қарай көтерiле бердi де, ақ боран сiрi қарды аспанға құмша шашып, оңқа-шоңқа аударылды. Ә.Ыб.

Posted in

ОҢДЫ-СОЛДЫ ЖҰМСАДЫ (ШАШТЫ, СІЛТЕДІ)

Емін-еркін пайдаланды; ысырап қылды; беталды шашты.

Ал өмір бойы шотты тықылдатып, ауыр еңбекпен күн кешкен Қауғабай ұрпағының бір бүйірі шығып, дүниені оңды-солды еркін жұмсаған күні болды ма? О.Сәрс. * Қазақ осы — дүние мен малыңды, Оңды-солды шашу үшін жинайтын. Қ-М.Әли. * Бозорыс жаудың қалың ортасына қойып кетті. Найзасын оңды-солды сілтеп жүр. Мың сан қолмен жалғыз айқасатын бағы заманның ерлерінше қимылдайды. З.Шүк.

Posted in

ОҢҒА БАСТЫРМАДЫ

Жолын бөгеді, сәтсіздікке ұшыратты. ~ Шүбә деген жамансың — ау, жүрекке келіп бір сіңсең, терең түбіне жатып алып адамның ойын оңға бастырмауға тырысасың. М.Иман.

Posted in

ОҢАЙ ОЛЖАҒА ҚЫЗЫҚТЫ

~ Жалғыз үкімет болуға жалшылар аңын оятып, буржуазияның әсерінен құтылдырып, үкіметке әзірлеу керек, оңай олжаға қызығу керек емес дейді. А.Байт.