Posted in

МҮЙІЗІ ШАҢЫРАҚТАЙ

Абырой-атағы мол, айбатты д.м. ~ Ел бірлігі жоқ жерде бұдан да сорақы күйзеліске ұшырау таң емес. Мүйізі шаңырақтай Хақназардың да қолынан келмеді бар қазақтың басын қосу. І.Ес. ~ Абылайдың жігіттері сан айқаста болған, біреуі жүзге татитын, мүйізі шаңырақтай кілең марқасқалар, сөйтсе де сұлтан бос қан төгіске барғысы келмеді. І.Ес.

Мүйізі үлкен мал, жануар. ~ Әкесі жарықтық қолындағы таяғын жер ге, мұртын көкке шаншығанымен, келе-келе жібіді. Мүйізі шаңырақтай күрең қасқа сиырды енші ғып берген. Р.От. ~ Етекте мүйізі шаңырақтай құлжаны ит қуалап жүр. Арсылдақтың тәрізі жаман, тау еркесін бұл бетінде орға жығып, қанын судай шашатын түрі бар. Ө.Кәр.

Posted in

МҮЙІЗІ СЫРҚЫРАДЫ

Жаны ашып, жүрегі ауырды. ~ – Жігітек ұрлыққа жерік боп, ұрыға серік болайын деген екен. Ендеше қашқындарға мүйізі сырқырайтынның бәрі жаза шексін! — деп, Тәкежанға жорға Жұмабайдан сәлем айтып жіберді. М.Әу. ~ Бименді сатылған малға іші удай ашып, көпке дейін тұнжырап жүрген-ді. Атақты «Жібек жолымен» саудагерлер ел маңына жақындағанда мүйізі сырқырап маза кететін. К.Қаз. ~ Адамдар бір-бірінің тәнінің ауырғанын сезбейді, бірақ бірінің жаны ауырса басқалардың мүйізі сырқырайды емес пе?! Сонда менің өлгенім түк емес қой! Ә.Тар. ~ Әшім сәл бөгеліп барып: – Айдатып,байлату деген сұмдыққа мүйізі сырқырайтындардың бәрі де ашынды ғой. Іленің оты тұтанғанша, құйқалақтатып, құйын тұрғызып өшірушілер өз ішімізден шықпады ма? Т.Рыс.

Posted in

МҮЙІЗІ СЫНДЫ

Мерт болды, жеңілді. ~ Қалың қол екі жақтан таяй берді. Күйік пен Бату алыстан айбат көрсетіп, аяқтарымен жер қопарып сүзісуге келе жатқан екі бұқа тәрізді. Қайсысының мүйізі сынбақ? І.Ес.

Posted in

МҮЙІЗІ СЫҚЫРЛАДЫ

Ұрыс-керіс, қиян-кескі талас д.м. ~ Кек сақтамапты. Баяғы мүйiзiмiз сықырлап айқасып жүргеннiң өзiн де: «Большевик деп Сәкендi шеттете бермейiк, ол да халқын сүйедi!» дейтiн. Т.Сәу.

Posted in

МҮЙІЗІ МҰҚАЛДЫ

Беті қайтты, майрылды, сағы сынды. ~ Қалың қол екі жақтан таяй берді…….. «Қайсысының мүйізі сынбақ? Ал сынбаса қайсысының мүйізі мұқалып, намысқа шыдай алмай қан қақсап сырқырамақ?». І.Ес. ~ – Ө-о, – дейді онысы сүзісе-сүзісе мүйізі мұқалған кәрі бұқа құсап. – Әуелден сұлу жайы сізге мәлім. Р.От.

Posted in

МҮЙІЗІ ҚАРАҒАЙДАЙ

Беделі зор, елге елеулі адам туралы. ~ О баста болашақтан күткені көп еді. Мектеп бітірісімен мүйізі қарағайдай москвалық студент атанды. М.Қаб. ~ Мүйізі қарағайдай молдалар да басқа үйде отырып-ақ оқи беретін еді ғой. Қ.Ысқ. ~ Сөйтіп, бұл ауылда бұлаңдау болса да, ақ көңіл Әйкенов секілді председателі, Әпен секілді беделді, ақылгөй нығыз кілтшісі, Үлкен Ахметжан секілді еңбекқор, момын торы бригадирі болғандықтан, ауданнан келген, мүйізі қарағайдай аудан өкілі — менің жұмысым біраз жеңілденіп қалды. С.Шайм. ~ «Айдай, айдай, қара ешкінің мүйізі қарағайдай, қарағайдай мүйізін қағып алса, тоқал ешкі болуы боқтан оңай» делінетін бір шумақ өлең әспетті әзіл болушы еді. Ғ.Біл.

Posted in

МҮЙІЗІ КӨРІНГЕН

Көзге шалынған. ~ Тетелес үш тентектi жетелеп, қаланың мүйiзi көрiнген пәтерлерiн адақтап жүрiп жатырмыз әзiрге. Бұрын үй алуға азды- кем үмiт болатын, ал қазiр… Ж.Шағ.

Posted in

МҮЙІЗІ ІШІНДЕ

Ішінен тынған, сұмпайы дам туралы. * «Е…е… солай… мансаптылар күндес қатын сияқты осы күнде. Бірін-біріне мақтасаңда, жамандасаң да жақпай қаласың. Мынаның мүйізі ішінде-ау деймін бәлекеттің?» Дастарқан жайылып, бір-екі шыны шайішілгенде, Айдеке талай әңгіменің басына су құйды. Т.Рыск. ~ «Е…е… солай… мансаптылар күндес қатын сияқты осы күнде. Бірін-біріне мақтасаң да, жамандасаң да жақпай қаласың. Мынаның мүйізі ішінде-ау деймін бәекеттің?» Дастарқан жайылып, бір-екі шыны шай ішілгенде, Айдекең талай әңгіменің басына су құйды. Т.Рыск.

Posted in

САБАҚ АЛДЫ

Тәлім-тәрбие алды, өнеге қылды, ой түйді. ~ Айналайын елім-ай, алты бақан алауыздық атада жауың емес пе еді? Қызғаныш пен күншілдік етектен талай тартты ғой. Санасы барлар сабақ алсын осыдан. С.Дос. ~ Неліктен барлығы алғысты басқаларға айту керек деп шешті? Балалар бұл оқиғадан қандай сабақ алды? Әркім өз парызын қалай өтеуге тиісті? БАҚ.

Posted in

САБАДАЙ ПІСІП, АЙРАНДАЙ ҰЙЫТТЫ

Тыңдаушысын баурап алды. ~ Әлдекім екенін Сатан қайдан білсін, бір қағыңғыр әнші боздатып отыр. Олар жұрт көңілін сабадай пісіп, айрандай ұйытады. Мұңды қозғап, зарды төгіп, тұңғиық терең қараңғыны одан әрмен тербеткендей. І.Жанс.