Posted in

ТОРСАҢ ЕТТІ

Кілт қырсығып, тыртыңдап, оғаш мінез танытты. ~ Сұлужан! Қой! Үйіңе бар! — деп ысырылып орнынан тұрды бір мезгідде Сырға бәйбіше. Болыскей кереуетке төсек салуға кірісті. — Бармаймын. Барғым да келмейді, — деп Хансұлу тағы да торсаң етті. С.Ел. ~ — Жеңеше ақы берейін, осы әңгімені доғарайықшы, — деп торсаң етті. — Әуелі оқуымды бітіріп алайын да. З.Жек.

Posted in

ТОРСЫҚТАЙ ТЫРСИҒАН

Тым семіз, қарны қампиған. ~ Онда да сол тиіп-қашып, Бақанды қытықтап бағады: — Торсықтай тырсиған, шикіөкпе еркектен сақтасын де. Ө, несі-ей, мұқым күбінгені… М.Сүн.

Posted in

ТОРТАСЫН АЙЫРҒАН МАЙДАЙ

Тап-таза, тартымды д.м. * Рас, Таңатар Құдайдай сыйлаған замандасы Омарға обал жасағысы келген жоқ, тортасын айырған майдай толықсыған Рахия қыр соңынан қалмаған соң, еркектің намысына тиісе берген соң, Омардың әкесі Кенжеге кеткен әкесінің кегін ала алмаған соң адалдықтың ала жібін аттағаны рас. О.Бөк.

Posted in

ТОРҒА ТҮСТІ

Еркінен айрылды, құлдыққа түсті. ~ Бір Шымшық торға түсті соры қайнап, Барды ма, кім біледі, ажал айдап. Бәлені қаза менен қайда деме, Ғаріп боп, отыр сорлы көзі жайнап. Жанына жас Көгершін ұшып келді: «Не қара басты торға түсіп? — деді. А.Байт. ~ Қорбаңбай Торға түсті – сор қандай! Ажалменен алыстан қылжаңдасаң қылжаңда, Қорқынышты ол қасыңа кеп тұрғанда. Еш өлгісі келмей, Аю толғанды-ай. А.Асылб.

Posted in

ТОРҒАЙ БАСТАНДЫ

Сынып, бөлшектеніп, ыдырап кету туралы.(?) ~ Қаламды шықырлатып, қайта- қайта маламын… келмейді. Жер ошаққа аяғын тығып алған боташа қаламымды сілке түсемін… Әлі түк жоқ. Ерсілі- қарсылы уқалап жын соққан торғай бастандырып, шашымды да дудыраттым. О да түкке сеп болмады. Ж.Айм. ~ Арпа ұнынан пісірілген бұл нан тұрып қалған нан емес-ті. Оны бүгін пісіріп қойсаң да үш-төрт сағатта-ақ ағаштай қатып қалады. Керісінше жүгері наны басы зорға бірігіп піседі де, бас бармақ тырнағындай болып, торғай бастанып бөлініп, сынып түседі. Б.Қыд.

Posted in

ТОТЫДАЙ ТҮРЛЕНДІ

Құлпырып, жайнады, сыланып, сәнденді. ~ Жырым-жырым қалың ерні түріле күлімсіреп, Майраны қарсы алды. Еркелете аялап, ақ білегінен ұстады. Жәрмеңкенің әні де, сәні де болған Майра сұлу тотыдай түрленіп, сыңғырлаған үнімен: ~ Айналып нақ биіктік өлшеміне, Тотыдай түрленіпті өлке, міне. Тоғысып пирамида құпиясы, Көз тоймас жауһар түзген көркеміне. ~ А.Жақс. Ә.Әрін. ~ Осы кезде сау етіп кірген Артурлар қарсы есіктен шыққан Зерде ғұламаға жүгіре жетіп амандасып жатты. Баян мен Жібектің жүздері тотыдай түрленіп, шырайлана түсіпті. С.Ғабб. ~ Қызықса, қызыққандай-ақ жер екен, шіркін! Түгін тартса, майы шыққандай! Одан соң, көз тойғысыз көркін айтсаңшы тотыдайын түрленген! С.Үс. * «Қалай қолайын тауып дұрыс өзгереммен» жүргенде, жүйкең тозып, қалжырап қаласың. Көпке ортақ жүріс-тұрысқа үйренген Елтайдың қолынан өйтіп тотыша түрлену келмейді. М.Қаб

Posted in

ТОРҒАЙ КӨЗ (КӨЗДІ)

Қазақ батырлары киген, көзі жиі тоқылған сауыттың түрі. * Күлдір-күлдір кісінетіп, Күренді мінер ме екеміз?! Күдеріден бау тағып, Ақ кіреуке киер ме екеміз?! Жағасы алтын, жеңі жез, Шығыршығы торғай көз Сауыт киер ме екеміз?! Ақтамберді ж. * Дулыға деген себілді Сүйек басқа киген дейді Балдағы алтын, сабы жез, Шын бадана торғай көз Жағасы алтын жүлгір жез Иір бадана торғай көз, Ақ ұлпадай себіл тон. Ә.Марғ. ( "Көкетай ханның ертегісі") * Бір қызығы, жаңа ғана арман еткен ойының жалғасын түсінде көріпті… Бұл өзі қол бастаған батыр екен дейді. Үстінде торғай көзді ақ сауыт, қолында күн нұрына шағылған, сегіз қырлы ақ найза, соңына ерген мың-сан қол бар сияқты. Боздақ даласынан бері өтіп, Шәуәшекке қарай шабуылдап келе жатқандай… Қ.Жұм.