Posted in

ТОҚ ЖАРАҒАН

* Қыстан сұлымен шыққан, қазір ішін тартып, тоқ жараған қалың сауырлы, қан жирен аттың тройкасы доғаны сілкітіп, үні мөлдір жез қоңырауды шылдырата түсіп, ауыздығын шайнап, жиі-жиі пысқырынып қояды. М.Әу.

Posted in

ТОЙҒАН СИЫРДАЙ ТЫРАЙДЫ

Дамылдап жатып алды. ~ Үлкендер, еркектер тойған сиырдай тырайып дамыл алуға кіріскенде, қыздар қызыл құнажындай қылаңдап, сылаңдап, шоқтанып, топтанып, сылдырлап, былдырлап, Шідертіні өрлей Рақыш ауылына бет қойды. Ж.Айм.

Posted in

ТОҚ ЖАРАУ

Әбден бабына келіп тұрған ат. * Әмір-қожа басқа колхозда тұратын. Екі ара отыз шақырымның үстінде. Тарантасқа атты парлап жегіп, Таисия Ивановна екеуі жолға шыққан. Сұлыға бөккен тоқ жарау қос қара-көк аяқты құлаштап тастап, сар желді де отырды. Т.Сәук.

Posted in

ТОЙДАН ТОБЫҚТАЙ

Тойдан сыбаға тимей қоймас д.м. ~ Қасына еріп жүрген ұлдары көтерген қоржындарынан «тойдан тобықтай» деп, бір жыл бойы әзірлеткен біраз сыйлы қонақтарына қасқыр ішік, түлкі ішік, тайжақы сияқты жағалы киім бастаған, бөрік, қамшы сияқты тарту-таралғы үлестіріп, бір жаңа үрдісті бастап еді. К.Сег. ~ Мына жұрт тойдан қызық көреміз, еңбектің зейнетін тереміз деп жиналып жатқан жоқ па. Тойдан тобықтай демеуші ме еді. Ықылым уақыттан бері қалыптасқан ел әдетін кекіріп тұрып күлге тастай салар бұ не мықтылық. Секен қынжылып теріс айнала берген. К.Жүн.

Posted in

ТОҚ КӨҢІЛ

… келушілердің аяқ басқан тықыры, барынша майпаз, барынша сыпайы сөздері бір үзілмейтін де, тынышбөлмеге, тоқ көңілге өзгеше бір әшекей — жарасым әкелгендей болатын. Ө.Ахм. Мұны көрген біз ет жемесек те сорпа ішкендей болып, тәрбиешілерге алғыс жаудырамыз, тоқ көңілмен үйгеқайтамыз. М.Қаб.

Posted in

ТОЙЫМ БОЛМАДЫ

Қанағат таппады. * — Төрт қыз тапсаң да саған тойым болмас. Иттің де қаншығы қымбат па еді… — Қуан — ау, құдайдан мен соны тіледі деймісің. Қайтейін мен… Өл демесең, не істейін?! М.Сүнд. * Қапталына кебік қатып, үнемі қаспақтанып жүретін торы шолақта таң атқанша тойым болмайды. О.Бөк.

Posted in

ТОҚ ҚАРЫН

~ Жуа-жуа шираған қалпы болса керек, үстіндегі көк сәтен көйлектің етегі тылтиып қарнына шығып кеткен. Ышқыр мен екі аралықтан үрген доптай тырсиған тоқ қарынның бір шеті жылтырап көрінеді. Б.Соқ. ~ Жолаушы поезын алып жүрген кезінде станция сайын шыны шелегін көтеріп, мамырлай басып, жасыл вагонды жағалап қымыз сататын тоққарын әйелдерді көргенде, шыдай алмай жетіп баратын. С.Смат.

Posted in

ТОЙЫМ ЖОҚ

Қанағатсыз. ~ — Өйтіп жала жаппа. Құлақ құршым қанбай жүр. Ауылда "әу" деп даусыңды көтермейсің. Ең болмаса, оңашада тыңдап қалайық. Тағы біреуін айт! — Әне, бұған тойым жоқ… З.Шүк. ~ Халықтан алынатын алым-салықтың түрі де көбейді. Соғыс аждаһада тойым жоқ, Бергеннің бәрін жалмап жұтып жатыр. Әлі қанша жұтары белгісіз. Б.Соқ.

Posted in

ТОҚ ОМЫРАУ

~ Есімі Тасболат екен. Тоқ омыраулардың арасына тығылған «Т»-ның сырын сонда білген. Т.Сәу. * Ал, қатын дегізетін: көпшік құшақтағандай тоқ омырауы мен бес батпан бөксесі… Ж.Нәж.

Posted in

ТОЙЫМСЫЗ КӨЗ

Ашқарақ, қомағай, обыр пейіл. * Уай, пәруардігәр дүние, бәлкім жаратқан иені жер бетінен мүлдем алыстатып жіберген адамдардың тойымсыз көздері шығар. Д.Досж.