Posted in

ТАР ЖЕРДЕ ТОҚАЙЛАСТЫ (ТАЯҚ СІЛТЕСТІ)

Ыңғайсыз жерде кескілесті, күш сынасты. ~ Ассалаумағалайкум! — деп атасы қажыдан келгендей қуана тұрды. — Әлей бол сын, ақсақал! — Беу шіркін, Бескемпірмісің?! — деді шал. — Қуға қу намаз шамда жолығасады деп, тағы да тар жерде тоқайластық па?!. Қ.Ысқ. ~ Бұл рет Дарабоздың кеші қанат–құйрықсыз болмас. Тар жерде таяқ сілтесіп, өріс–қоныс үшін ағайынмен ащы болғанша, жаумен жағаласып өлген мың артық емес пе?! Қ.Жұм.

Posted in

ТАПҚАН ТАЯНҒАНЫ

Бар қаражаты; жиған-тергені. ~ Енді түтқын ертеден қара кешке шейін салпақтап байға мал бағады я жер жыртады. Тұтқын міне, енді құл болды. Тапқан таянғаны қожанікі. Тек жұмыс қылу, бейнет шегу құлдың сыбағасына тиді. А.Байт. * Тапқан-таянғаны қаладан тәп-тәуір пәтер жалдауға да, атасы мен әжесіне жәрдемдесуге де жететін. Т.Әсемқ. ~ Балашағасын ірке тұрғанда, дардайларына дейін құйрықтары жылтырап, қара ала, торы ала болып жүргені. ал тапқан таянғанын, мал сатып ақшасын, шып- шырғасын шығармай кассаға сала берер… сала берер… О.Бөк.

Posted in

ТАР ЖЕРДЕН ТОСТЫ

Ұрымтал тұсын аңдып, тосып алды. ~ …бір шаруасы бітсе, бір шаруасы бітпей, ертелі-кеш етегі жалпылдап, алақанын жайып тіленетін де жүретін завод директорының тар жерден тосқанын қараш; күндіз-түн мігерсіз сарт-сұртты салатын да жататын заводтың теміртерсегінен тиын тауып көзі шыққан шаруашыл неме ғылыми жұмыстың бағасы бақырмен өлшенбесін қайдан білсін. Ә.Нұрп.

Posted in

ТАПҚАНЫ ЖҰТҚАНЫНА ЖЕТТІ

Тапқан-таянғаны күн көрісіне жетті. * Оның бар тілегі: мынау қоңыр төбел тірлігінің бұзылмауы, аспанын бұлт торламауы, бейбіт болуы, тапқаны жұтқанына жетуі, ешкімге көз алартпай, ешкімнің көз алартқанын да көрмей екі ұлын екі үй ғып шығарып, жарық дүниенің маңдайға жазған ырыс- несібесін теріп жеу еді. С.См.

Posted in

ТАР ЖОЛ, ТАЙҒАҚ КЕШУ

Қиын-қыстау уақыт, басқа ауыртпалық түскен сәттер. ~ Ел аралаған сыншы болады. Есіңнен шығарма, ел одан да сыншы. Дүние шіркіннің жолы қым-қуыт. Ақ жолдан шықпа, шықсаң адасасың. Аштан өлсең де адал өл. Осы айтқандарымды берік ұстасаң тар жол, тайғақ кешулерден, кездесе қалса мансап, дәулет мастығынан аман өтерсің. Ғ.Мұст.* Әжемнің осы сөзі талай тар жол, тайғақ кешу, ауыр кезеңде сан рет есіме түсті. І.Есенб. * Сол ағат басқан қадамды түзетуге қалған жылыңды сарп етесің. Алшағыр ауған көшін түзеген тәрізді. Ең қысталаң тар жол, тайғақ кешуін артқа тастапты. М.Қаб.

Posted in

ТАПҚАНЫ ТАМАҒЫНА, ЖҰТҚАНЫ ЖҰМЫРЫНА

Тапқан таянғаны күн көрісіне д.м. * Бірақ біреудің, жеке біреудің жұмысы емес, елдің, көптің жұмысы. Азабы көп, ауыр болғанмен қорлығы жоқ, өз ісің тәрізді еркін. Тапқанын тамағына, жұтқанын жұмырына сап күн кешкендердің өтіп жатқан сан сапасы жоқ біркелкі күндері. Бұ да болса оңды ақ. С.Бақ. * Алым-салық еңсесін көтертпеді. Ал бұл жақта тапқаны тамағына, жұтқаны жұмырына, — құдай бермесе амал қайсы, он қолынан басқа ортағы жоқ, оңаша тіршілігін қимайды екен. З.Шүк.

Posted in

ТАР ЗАМАН

Қиындығы мол, азапты кезең. ~ Асан сөзінше, баяғы елдің «өзбек заманы», — «кең заман», «еркін заман». Өзбектен кейін тар заман туып, зар заман басталады. І.Жанс. ~ Соғыс енді ғана ес жиып келе жатқан елді есеңгірете бастаған. Майданға бірінен соң бірін әскер жөнелтіп, тылдағы жоқшылық, аштық, ашбүйірден ала түскен тар заман тағы иектеген еді елді. Т.Рыск.

Posted in

ТАҢСЫҚ КӨРДІ

Таңырқай қарады, таң қалды. ~ Мұғалім де таңсық көрді, — Кел, қарағым, отыр,- деді.- Неге келдің, кім жіберді, Не керек?- деп сұрау берді. И.Байз. ~ Әбілда періуәтшікті көргеннен бері орысша киінген кісі оған таңсық көрінетін. Ж.Айм. ~ Ботпай айнала қаумалап, таңсық көріп тұрған рабфак студенттері алдында әрлі-берлі кердеңдеп жүрді. О.Сәрс.

Posted in

ТАПҚАНЫ ТАМАҒЫНАН АСПАДЫ

Тапқан табысы ішіп-жемге ғана жетті.~ Азаматтық борышты өтеген билет бай депутаттың мейрамханасына қарауыл болуға әрең жарады. Бір күн істеп, екі күн демалады. Тапқаны қыдыру мен тамағынан аспайды. Е.Боқаш. ~ Адамның құлқыны жаман болса, азғыруға ылықпай қоя ма? Тапқаны тамағынан аспайтын қара орыс та құлқынның құлы екен. Ү.Жәл.

Posted in

ТАР КЕЗЕҢ

Ауыртпалығы мол, қысылтаяң шақ. ~ Рас айтасыз, Жәке! Таты да тар кезеңге тап болдық. Тасыса — теңізге құяр, сарқылса — құрдымға сіңер тас бұлақтай халық кегін қайда, қалай бұрармыз? С.См.