Posted in

ТАЛҚАНЫ ТАУСЫЛДЫ

Өмір жасы түгесілді д.м. * — Жасың ұзақ болсын, мені ұмытпасаң, — деп сыбырлады. — Атаңның аты ерттеулі тұр. Тағдыр тартылып, талқан таусылған шығар. Мен сенің марқұм әкеңмен түйдей жастымын ғой. Ш.Мұрт. * «Япыр-ай, өзін-өзі соншама оңашалап, Батырдың талқаны таусылуға таяды ма, немене?» – деген де сөз сыбыр- сыбыр естіліп қала бергелі де біраз уақыт. Н.Дәу. * – Жә, ақсақал, – деді Әбжал көзі алайып. – Жақауратпаңыз өйтіп. Досмағанбеттің талқаны таусылған екен деп, талқаны таусыларда ойнастары тырнадай тізіліп келген екен деп, намазымнан жаңылар жайым жоқ. Н.Дәу.

Posted in

ТАМАҒЫ ҚАЙТТЫ

Тойынды, тәбеті басылды. * — Отыр, пельмен желік, — деді Қапшекер оған қасық ұсынып. Бірінің қолында қасық, бірінің қолында вилка, бірі қара бурыл, бірі жидіген жирен бурыл, екі бас кастрюль үстінде тоқайласа қалды. — Әй, ит- ай, тамағың әлі қайтпаған екен ә, қарбытуың тамаша, — деді Қапшекер кастрюль түбі тықырлай бастаған сәтте.

Posted in

ТАЛҚЫҒА САЛДЫ

Көпшілік ортаға алып сын айтты, пікір білдірді. ~ Уаң қазақтардың өз жезделерін талқыға салғанын Жұмекеңнің жүдеулеу жүзіне, қызараңқы көз жиектеріне қарап– ақ бағамдап, бүгінгі бағыт– бағдарды, біраз аң қаққан соң түс ауа ауылға бет бұратын ойы барын ортаға салған. К.Сег. ~ Мұқан Иманжанов пен мына Мен екеуіміз бір– бірімізге қарама– қарсы екі ұдай баяндама жасап, оған күллі қаламгерлер қосылып, әр алуан, әртарап пікірлер айтып, апталап-айлап таласып жататынбыз. З.Қаб.

Posted in

ТАМАҒЫ ТЕСІК

Пара алады, жебір д.м. ~ — Шекара, таможня қайда?— дейді Ақан аэропортта қол жүктерін қандай ыждаһатпен тексергендерін еске түсіріп. — Таможняның тамағы тесік… М.Қаб. ~ … Білдіңдер ме, сол ұлықтың тамағы тесік пе екен? — деген Таңғытқа күле қарап. – Ит біліп пе… Тамағы тесік болмаса, аштан өліп қалмай ма, — деп Таңғыт қалтасынан шытыралы шақшасын шығарып, насыбайға қол созған. Қ.Жұм.

Posted in

ТАЛҚЫҒА ТҮСТІ

Көптің таңдауына, сынына қалды. ~ Оның үстіне Ақбілек енді көп арыстың талқысына түспейді, асыл қазынасын бір-ақ кісіге қияды. Ж.Айм.

Posted in

ТАМАҒЫ ТОҚ

Не ішем, не жеймін демейді; аш емес. * Қуарған сорлы жақсы бола ма екен? Онан менің емес пе тамағым тоқ!» Шәк. ~ Шалдың дауысы салмақты шығады: — Сексеннен асқан мені алмаған жасаған тәңірдің тамағы тоқ болғаны-ау! Ғ.Сл.

Posted in

ТАЛМА-ТАЛ ТҮС

Күннің тас төбеге келген тұсы. ~ Жаздың күні болғанда, Ел өзенге қонғанда, Балдырғанды Балқаштан Тулатып шанышқан жайыным! Талма тал түс болғанда Байлар қымыз ішерде, Сары нардай ыңыранып Бәйбіше саба пісерде Бірқазандай отырған Бозбаласы құралып Дәулетті үйге түсерде. Ірбіті сары самарға Сапыртып қымыз құйдырып Салқын жерге тоңдырып, Салтанатка төндіріп, Сауқым салған заман-ай! Досқожа ақын. ~ Қас қылғандай күзгі аспан шаңқай ашық еді бүгін. Талма-тал түсте қапылы, бес қаруы сай отырған елге солақай килігу көзсіздік әрі амалдың жоқтығы-ау. О.Бөк. ~ Төлеген Жібектің көшіне күн шыға ілесіп, Жібекпен Жиренбай отауында талма-тал түс шағында жолығады. М. Әу.

Posted in

ТАМАҒЫ ТОҚ, КӨЙЛЕГІ БҮТІН (КӨК)

Ең керектісі бар, аш-жалаңаш емес деген мағынада. * Алтынайға тамағы тоқ, көйлегі бүтін болса болғаны, онан өзгені іздемейді. Үй міндеті әйелде, түз міндеті байында. Бұл құдайдың бұйрығы. Ж.Айм. ~ Бұларды біз асырадық, тамағы тоқ, киімі көк болды, содан не шықты, не үйренді? Машина айдай білмейді, атқа қамыт та кигізе алмайды. Қамытбауын да жөндеп байлай алмайды… Ш.Айт.

Posted in

ТАЛМА БЕЛ

Адам денесінің арқадан төмен, мықыннан жоғары жіңішке тұсы. ~ Көбелек гүлді жібек халатты қаусырыныңқырап, талма белден бір шалып байлай салған екен, қозғалғанда құрақтай иіліп, үзіліп кете жаздайды. Қ.Жұм. ~ Қолында шағын сумка, білегінде жеңіл плащ… Жүргенде талма белі бұраңдап, желке тұсынан бір шалып бос қоя салған қолаң шашы күлтеленіп, мына қалпында еркек атаулының есін кетіргендей еді. Қ.Жұм.

Posted in

ТАМАҒЫН ЖЕП, ТАБАҒЫН ТЕПТІ

Біреудің жақсыдығын ақтамады. ~ Тәкежандәл осы кезде ес жия ақырып, Дәрменді боқтап жіберді. — Қайда апарасың? Қалтасына салғышын мұның!.. Үйіме кеп, «тамағын жеп, табағын теп!» деген кім екен бұларға!? Бері акпел, қазір жыртып отқа тастаймын!- деп зекіді. М.Әу.